Түркістан облысында жазғы демалыс маусымы ресми түрде басталды. 2 маусымнан бастап өңірдегі бірқатар сауықтыру лагерлері бірінші ауысым бойынша оқушыларды қабылдап үлгерді. Алғашқы онкүндікте “Болашақ”, “Тау шыңы” және “Үркер” жазғы лагерлерінде мыңнан астам бала демалуда, , деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Атап айтқанда, Сайрам ауданындағы “Болашақ” лагерінде 314 бала (облыстық бюджет есебінен), Бәйдібек ауданындағы “Тау шыңы” лагерінде 120 бала, ал Кентау қаласындағы “Үркер” лагерінде Арыс қаласы мен Ордабасы ауданынан келген 600 бала сауықтырылуда.
Бірінші ауысым 2 маусымнан 12 маусымға дейін жалғасады. Жалпы жаз бойы оқушылар 7 ауысым бойынша, әрқайсысы 10 күннен демалады.
Биылғы маусымның басты жаңалығы — модульдік лагерлер жүйесінің енгізілуі. Облыста алғаш рет қолға алынған бұл жоба аясында 5 мемлекеттік лагерьге 52 модульді жатақхана орнатылып, қосымша 7500 орын ашылды. Бұл – балаларды жазғы демалыспен қамту деңгейін арттыруға бағытталған нақты қадам.
Түркістан облысында жаз айларында 10 мемлекеттік және 21 жекеменшік лагерь жұмыс істейді. Жалпы 41 мыңнан астам оқушы демалыс маусымымен қамтылмақ. Сонымен қатар, жаз мезгілінде 400 мыңға жуық бала мектеп жанындағы лагерьлер, танымдық экскурсиялар мен түрлі үйірме-іс-шаралар арқылы демалады.
Жекеменшік лагерлерде демалатын оқушыларды қамту мақсатында облыстың 8 ауданынан 11 500 балаға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, жеңімпаздар анықталған.
Жалпы, биыл Түркістан өңіріндегі 10 мемлекеттік және келісімшартпен жұмыс істейтін жекеменшік лагерлерде 35 338 бала жазғы сауықтырудан өтеді.