Түркістан облысы әкімдігінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кеңейтілген мәжіліс өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Жиынға облыс басшылығы, құзырлы орган өкілдері мен сала мамандары қатысып, аймақтағы жол-көлік оқиғаларына қатысты ахуалды саралап, нақты шешу жолдарын ұсынды.
Мәжіліс барысында облыс әкімі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – жергілікті атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі.
– Облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. Қауіпті учаскелерді нақтылап, жол бойына тиісті ескерту белгілерін орнату маңызды. Сонымен қатар, жол инфрақұрылымына жауапты мекемелер жол сапасын арттыруға күш салуы тиіс, – деді облыс әкімі мәжіліс барысында.
Кеңесте Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев өңірдегі жол-көлік оқиғаларының жағдайы бойынша баяндама жасап, статистикалық мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, жол-көлік оқиғалары бүгінде ел аумағындағы барлық өңірлер үшін өзекті мәселеге айналған. Осыған байланысты Түркістан облысында кешенді алдын алу шаралары қабылданып жатыр.
Қазіргі таңда облыс аумағында күн сайын жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 290 патрульдік полиция қызметкері жұмылдырылуда. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен цифрлық технологиялар енгізіліп, жолдарда қауіпсіздікті бақылаудың жаңа үлгілері қолданылуда. Атап айтқанда, жылдамдықты асыру деректерін автоматты түрде тіркейтін 25 мобильді бақылау кешені мен 215 тұрақты автоматтандырылған кешен жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ «Түркістан–Шымкент» және «Шымкент–Тараз» бағыттарындағы ақылы жолдарда орташа жылдамдықты есептейтін арнайы бейнебақылау жүйесі енгізілген. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің бақылауындағы бұл құрылғылар тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, 2024 жылдың 17 наурызынан бері аталған бағыттарда бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Сонымен қатар, қарсы бағытқа шығып кету жағдайларын алдын алу үшін дрон арқылы әуе патрульдеуі де жүзеге асырылуда.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті, «ҚазАвтоЖол» мекемесі және Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшылары да сөз сөйлеп, өз салалары бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Барлық айтылған ұсыныстар мен пікірлер жергілікті биліктің бақылауына алынып, тиісті жұмыстар жалғасатыны айтылды. Мәжіліс соңында облыс әкімі тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуді міндеттеді.