Түркістан облысында мақта шаруашылығына ерекше назар аударылып, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Мақтаарал ауданына арнайы іссапармен барып, мақта терім науқанының дайындық жұмыстарын бақылады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Ең алдымен Ертай Кенжебекұлы «Хамро ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысып, «Peng Sheng» қытайлық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған тамшылатып суару технологиясымен өсірілген 351 гектар мақта алқабында болды. Ол жерде жергілікті шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесу өткізіліп, күзгі жауын-шашынға дейін мақта терімін уақтылы әрі сапалы ұйымдастыру, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар және мақта бағасына байланысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ әкім орынбасары жаңа технологиялардың қажеттілігі мен артықшылықтары туралы айтып, мемлекет тарапынан субсидиялар қарастырылғанын жеткізді. Тамшылатып суару технологиясы тек өнімділікті арттырып қана қоймай, су жетіспеушілігінің алдын алуға да септігін тигізеді.
Мақтаарал ауданында биыл 33,7 мың гектар алқапқа мақта егілген. Жиын-терім науқаны басталып, қазіргі таңда 632 гектар алқаптан 1706 тонна мақта жиналды. Аудан әкімдігі биылғы болжам бойынша 92,3 мың тонна өнім жинайтынын хабарлап, гектарынан орта есеппен 27,4 центнер мақта алынатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар Ертай Алтаев «Cotton мақта» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытында болып, оның жұмысқа дайындықтарын тексерді. 2023 жылы іске қосылған зауыттың құны 3 миллиард теңгеге жетіп, жылына 60 мың тонна мақта өңдейді. Тәулігіне 600 тонна өнім шығаратын зауытта 50-ден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Аудандағы мақта өңдеу зауыттарының саны сегізге жетіп, олардың жанындағы 33 мақта қабылдау бекеті белсенді жұмыс істеуде. Сонымен қатар Жетісай мен Шардара аудандарында мақтааралдық зауыттарға тиесілі тағы 29 бекет қызмет көрсетуде.
Мақта өңдеу зауыттары өзара тиімді қарым-қатынасты нығайтып, шаруаларға 5 миллиард теңге көлемінде алдын ала несиелер берген. Бұдан бөлек, «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 503 миллион теңге көлемінде қосымша несие үлестірілді. Алайда, мақтаның биылғы бағасы әлі нақтыланбаған.
Ертай Алтаев Мақтааралдағы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-на да барып, онда жүргізілген ғылыми жаңалықтармен танысты. Ғылыми орталықта мақтаның 13 жаңа сорттары жасалып, сыртқы орта факторларына төзімді, өнімділігі жоғары тұқым түрлері шығарылған. Сондай-ақ, станция мақта өсірудің тиімді технологияларын әзірлеп, оның ішінде тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері, арықшалармен суару технологиялары секілді жаңашыл тәсілдерді енгізуде.
Мақта шаруашылығындағы келесі маңызды жоба – «Global Textile Turkestan» ЖШС-ның мақта қабылдау бекетінің құрылысы болды. Өзбекстандық «Global Textile» компаниясы мақта кластерін дамыту үшін 2023-2027 жылдарға арналған жол картасын бекіткен болатын. Жоспар бойынша Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынатын бес ірі кәсіпорын іске қосылады. Бұл жобалардың аясында логистикалық хабтар, мақтаны бастапқы өңдеу зауыттары, трикотаж және тігін фабрикалары салынбақ.
Жергілікті шаруаларға қолдау көрсету мақсатында өткен жылдан бастап тәжірибе ретінде өзбекстандық агрономдармен бірлескен жұмыстар қолға алынған. Аудан орталығында компанияның кеңсесі ашылып, жұмыс белсенді түрде жүргізілуде. Бұдан бөлек Бірлік ауылдық округінде мақта қабылдайтын бекеттің құрылысы да басталып кеткен.
Ертай Алтаев сапар барсында «Мырзакент» ЖШС-на тиесілі мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайды. АҚШ-тың соңғы үлгідегі технологиясымен жабдықталған зауытта мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр. Зауыттың сапалы жабдықтары мақта өңдеудің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Іссапар қорытындысы бойынша Ертай Кенжебекұлы аудан әкімдігі аппаратымен арнайы жиын өткізіп, саладағы мәселелер мен болашақтағы жоспарларды талқылады. Мақта терім науқанының уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуы үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Ал облыстық әкімдік шаруаларды қолдау және олардың табысын арттыру бағытында нақты қадамдарды жүзеге асыруда.