Түркістан облысында жетісайлық тұрғын әлеуметтік көмек алушыдан «миллионер» кәсіпкерге айналып, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Өткен жылы Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатындағы аталмыш бағдарламаға Жетісай ауданынан Қарақай, Ж.Ералиев, Қазыбек би және Мақталы ауылдық округтерінің тұрғындары қатысқан болатын.
«Жоба арқылы өткен жылы мемлекеттен 7,5 миллион теңге несие алып, өз ісін бастаған Қазыбек би ауылдық округі, Қазыбек би елді мекенінің тұрғыны Медеу Орынқожаев бүгінде құрылысқа қажетті заттар өндірісін жолға қойған. Бұған дейін жылдар бойы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып келген азамат өзінен бөлек тағы 5 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Орта есеппен 1 айлық табысы 1 миллион теңге.», -деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шикізатты Шымкент қаласынан алдыратын кәсіпкер тапсырыс берушінің сұранысына қарай термопластиктің 100-ден астам түрін шығара алады.
Айта кетейік, былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында округтегі мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік көмек алатын 87 азамат жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған. Бұл өз кезегінде округ тұрғындарының әлеуметтік ахуалының жақсарып, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне оң септігін тигізері сөзсіз.