Түркістан облысы – туризм саласын дамытуда әлеуеті жоғары өңір. Әсіресе, тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмін дамытуға зор мүмкіндіктер бар. Туризмді дамыту арқылы өңірдің экономикалық және мәдени әлеуеті артқан сайын ұлттық қолөнер ісі де кең өріс ала бастады. Түркістанның бай мәдени мұрасы мен тарихи ерекшеліктері шетелдік және отандық туристер үшін тартымды болып қана қоймай, сонымен бірге ұлттық қолөнершілердің жұмысын дамытуға жағдай жасап отыр.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен облыс қолөнершілерінің қызметін ұйымдастыруға арналған мәжілісте осы саланы дамытуға байланысты бірнеше маңызды мәселелер талқыланды. Жиын барысында өңірдегі қолөнершілердің кәсібін дамыту, жаңа өндірістер ашу және қолөнер өнімдерін сату бойынша жаңа механизмдер мен ұсыныстар қаралды.
Мәжіліске облыстың түрлі салаларынан қатысқан лауазымды тұлғалар қатарында Түркістан облысы Туризм басқармасының басшысы Нұрдаулет Медеуов, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Абдразакова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі Тұрар Құдайбергенов, Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы директор орынбасары Ербол Әуелбеков, сонымен қатар «Qazaq-Oner Turkistan Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанболат Сүйімбай және «Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Индира Икапова қатысты.
Түркістан облысында қолөнерді дамытуға байланысты нақты қадамдар жасалып жатыр. Қазіргі уақытта облыс орталығы Түркістан қаласының өзінде 40-тан астам қолөнерші жұмыс істеуде. Жиын барысында қолөнершілер санын 100-ге дейін арттыру жоспарланып отырғаны айтылды. Сонымен қатар, дайын өнімдерді сатуды да арттыру мақсатында сериялық өндірістерді ашу көзделуде. Бұл жоспарлар мемлекеттік қолдау шараларымен бірге жүзеге асырылып, қолөнер саласының дамуына үлкен серпін бермек.
Қолөнершілердің өнімдерін сатудағы басты мәселелердің бірі — бірыңғай сатылым алаңының жоқтығы болды. Түркістанда осы бағытта маңызды қадам жасалып, қаладағы мәдени-рухани орталықта жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл орталық қолөнершілердің дайын өнімдерін ұсынатын бірыңғай алаң болмақ. Қолөнер шеберлерінің өнімдерін осы орталықта көрсету мен сату мүмкіндігіне ие болуы олардың табысын арттыруға, сондай-ақ, ұлттық өнерді кеңінен насихаттауға көмектеседі.
Басқосуда қолөнер шеберлері өздерінің басты мәселелерін ортаға салып, өңірдің қолөнер саласын дамыту мен қолдау бағытындағы ұсыныстарын жеткізді. Қолөнершілерге арналған оқыту курстарын ұйымдастыру, өндірістік жабдықтарды жетілдіру, шеберханаларға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, өнім сапасын арттыру сынды маңызды мәселелер талқыланды. Бұдан бөлек, қолөнер бұйымдарын экспортқа шығару, шетелдік туристерге таныту және облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер арасындағы әріптестікті күшейту жайы қаралды.
Қолөнершілер ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды қайта жаңғыртуда үлкен рөл атқарып келеді. Түркістан облысы әкімдігінің мұндай бастамалары осы саланы одан әрі дамытуға және еліміздің мәдени-туристік әлеуетін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Қолөнер саласының дамуы тек экономикалық емес, сонымен бірге мәдени тұрғыдан да үлкен маңызға ие. Ұлттық өнерді қолдау арқылы болашақ ұрпаққа мәдени мұра қалдыру — маңызды қадамдардың бірі.
Осылайша, өңірдегі қолөнершілердің жұмысын жандандыру бағытындағы бастамалар мен қолдау шаралары ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға және Түркістан облысын еліміздің мәдени және туристік орталығы ретінде дамытуға зор үлес қосады.