Түркістан қаласында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі кең ауқымда аталып өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Тіл – ұлттың қазынасы, достықтың кілті, бірліктің бастауы. Түркістанда Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған «Тіл – ұлт қазынасы» атты іс-шара өтті. Мерекелік жиында сөз алған Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев көпшілікті атаулы мерекемен құттықтап, ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтауда сындарлы тіл саясаты үлкен маңызға ие екенін айтты.
– Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл – ұлттық құжатымыз, тіл – кісілік келбетіміз. Саяси тұрақтылықтың да негізгі кілті – тілде жатыр. Себебі, тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, ең құнды байлығы – қатыныс құралы екендігі сөзсіз. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл»,- деп ұлағатты сөз қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай. Ғасырлар көшінің елге қалдырған ең ұлы аманаты – тіліміздің мерейін асқақтату жолында аянбай еңбек етуге шақырамын, — деді Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев.
Мәртебелі тілді ұлықтаған шараға қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов қатысты. Мерекелік шарада мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға атсалысқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Айта кетейік, осыдан 35 жыл бұрын – 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Ал мереке 1998 жылдан бері атап өтіледі. Сол жылдың 22 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне байланысты бұл мереке 2017 жылы Үкімет қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылды.