Түркістан қаласында кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы төрағалық етіп, қала әкімдігіне қарасты бөлімдердің қызметін саралап, бірқатар өзекті мәселелер бойынша есеп тыңдады. Аппарат отырысында негізгі бағыттар бойынша тапсырмалардың орындалу деңгейі, тұрғындар өтініштерімен жұмыс сапасы және қала тазалығы мен абаттандыру барысы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күн тәртібінің алғашқы мәселесі бойынша Құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бексұлу Жәнібекқызы мен Өтініштерді қарауды бақылау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Мадина Жүсіпқызы сөз алып, дербес бөлімдерге жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы мен кездескен кемшіліктер жөнінде баяндама жасады.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы баяндама барысында көтерілген мәселелерге тоқталып, бірқатар бөлімдердің жұмыс сапасына сын айтты. Әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету мен азаматтардың өтініштерін уақытылы әрі сапалы орындау – мемлекеттік аппараттың негізгі міндеті екенін ескертті.
«Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін мерзімінде қарау және мемлекеттік қызметтерді қолданыстағы ережелерге сай көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің тікелей жауапкершілігі. Алайда соңғы бақылау нәтижелері көрсеткендей, бірқатар бөлімдер бұл талаптарды орындауда салғырттық танытып отыр. Құжат айналымы мен ішкі бақылаудың жеткіліксіздігі себепті бірінші тоқсанда бірнеше құқық бұзушылық тіркелген. Бұл олқылықтар Жер қатынастары, Жұмыспен қамту, Сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ Инфрақұрылым бөлімдеріне тән», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ Әзімбек Пазылбекұлы аталған бөлім басшыларына ішкі бақылау жүйесін түбегейлі қайта қарап, қызмет сапасын арттыруды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – қала аумағын абаттандыру және тазалық жұмыстарын ұйымдастыру бойынша – ұйымдастыру-инспекторлық және бақылау бөлімінің басшысы Ердәулет Мақсатұлы баяндама жасады. Ол көктемгі сенбіліктердің нәтижесі мен атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды.
Аппараттық жиын қорытындысында қала әкімі нақты тапсырмалар беріп, жауапты бөлім басшыларына орын алған кемшіліктерді шұғыл түзетуді, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды, сондай-ақ қаланың санитарлық жағдайына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуді міндеттеді.
Әзімбек Пазылбекұлы мемлекеттік басқару сапасының артуы тікелей жауапкершілік пен бақылауға байланысты екенін атап өтті.