Адамды адам қылатын сапалы білім болса, сол білімді адамзаттың бойына сіңіретін ұстаздар, яғни педагогтар екені бәріне белгілі. Сол себепті, кез келген қоғамда аталған мамандық иелеріне деген құрмет-қошемет айрықша болады. Тіпті, жыл сайын 5 қазан күні бүкіл әлем ұстаздар немесе мұғалімдер күнін атап өтеді. Сондай-ақ, аталған мереке біздің елімізде де қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланатын.
Дегенмен, өткен жылдың наурыз айында ел Үкіметі Қаулы қабылдап: «Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазанның бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден аса елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді», — деп мәлімдеді. Осы орайда Түркі елдерінің рухани астанасы атанған Түркістан қаласында да «Мұғалімдер күні» кең көлемде аталып өтуде.
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өңірдегі ең көп өмір сүрген ұлағатты ұстаздардың бірі Гулсин Ибрагимованың шаңырағына барып, мерейлі мерекесімен құттықтады.
«Ғылым мен білім, мәдениет пен өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегі зор екені баршаға аян. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы..»-деп Ғафу Қайырбеков жырлағандай, жас ұрпақтың санасына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың бар болғаны қандай жақсы. Сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасының мәуелі бәйтерегі болып, отыра беруіңзді тілеймін» — деді қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.
Гулсин Ибрагимова Түркістан қаласындағы ғана емес, тқтас өңірдегі ең көп өмір сүрген ұлағатты ұстаздардың бірі. Бірі кем бір ғасырдың жүзін көрген ұстазымыз 1944 жылдан бастап Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектепте биология және еңбек пәнінің мұғалімі болып 44 жыл үздіксіз еңбек еткен.
Гулсин Ибрагимова 1925 жылы 1 қаңтарда Түркістан қаласында дүниеге келген. Хамза (бұрынғы Калинин) атындағы мектепте алғашқы білімін алған. 1944 жылдан бастап Хамза атындағы (бұрынғы Калинин) №2 жалпы білім беретін мектепте биология пәні мұғалімі, содан соң еңбек пәні мұғалімі болып 44 жыл еңбек етті. Қазіргі таңда 99 жаста. Жұбайы Тажимухаммад Ибрагимовпен бірге үлкен ұстаздар династиясын жаратқан отбасы иелері.
Кеңестік кезеңнен көпке танылып, түркістандықтардың мақтан тұтар педагогтары болған отбасы иелерінен тәрбие алған ұрпақтары да осы кәсіпті иеленіп, қазіргі таңда да педагогикалық қызметті абыроймен атқарып келеді. Тажимухаммад ақсақал мектепте тарих пәнінің мұғалімі, аудандық білім беру бөлімінде әдіскер болып жұмыс істеген.
Гулсин Ибрагимова жұбайымен бірге 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 27 немере, 87 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр. Олардың басым бөлігі жас ұрпаққа білім беруде аянбай еңбек етіп, алдыңғы буынның ізін жалғап келеді.
Аталған отбасыға Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы да табан тіреп, бір ғасырдың жүзін көрген, ұстаздар отбасының бәйтерегі атанған кейуананын «Мұғалімдер күні» мерекесімен құттықтады. Көпті көрген әже өзі қызмет еткен жылдарды еске алып, естеліктерімен бөлісті.
Бұрынғы қиын-қыстау замандағы ағартушылық жұмыс пен қазіргі білім беру саласын салыстыра отырып, бүгінгі ұстаздарға жасалған жағдайларды жоғары бағалады. Өз кезегінде Оразкүл Шайхықызы ұлағатты ұстаздың атқарған ағартушылық жұмыстарына ризашылығын білдіріп, оның еңбек жолы кейінгі буын педагогтарға өнеге екендігін тілге алды.
Сонымен қатар, мерекелік сый-сияпаттарын тапсырып, алдағы жылдың алғашқы күні 100 жасты қарсы алатын ардақты әженің ақ батасын алды.
Ұстаздар күні басқа елдерде тойлануы
Осы ретте ұстаздар немесе мұғалімдер күні туралы аз-кем мағлұмат ұсынсақ: Педагог ежелгі грек халқының «баланы алып жүруші» деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан екен. Алайда, ол кездегі педагогтар бай-бағландардың балаларын 6 жастан бастап қорғап, қарап жүретін құлдар болыпты. Олар әрдайым баланың жанында болу, мектепке апарып-келу, үйден тыс жерде баладан көз жазбай қасында жүру қызметтерін атқарған. Дегенмен, кейінгі кезеңдерде бұл мамандықты бүкіл адамға жазу-сызуды үйрететін ұстаздар иеленіп, әлі күнге дейін ілім-білімнің, мәдениет пен өркениеттіңдамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатыр.
Осы ретте мұғалімдердің құрметіне арналған әлемдік мереке жайында да сөз қозғай кетейік, Негізі аталмыш датаның пайда болу тарихы да өте ерекше. Дәлірек айтсақ, 1965 жылдың 29 қыркүйегінде Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен қазан айцының бірінші жексенбісі мұғалімдер күні ретінде белгіленген. Ал, бұл мейрамның дүниежүзілік деңгейге көтерілуіне Біріккен Ұлттар Ұйымы ықпал жасаған екен. «Сондай қалай?» деген сауал туындаса, оны да айтайық. Бұл күннің мерекег айналуына 1966 жылдың 5 қазанында Францияның Париж қаласында өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция негіз болған екен. Тиісінше, осы жиын аясында Халықаралық еңбек ұйымы мен ЮНЕСКО-ның өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойған. Ол құжат – «Recommendation concerning the Status of Teachers» деп аталыпты. Ал, 1994 жылы ЮНЕСКО маңызды ұсыныс жасап, 5 қазан – Бүкіләлемдік мұғалімдер күні болып бекітілді. Сол кезден бастап бұл дата білім-ғылым саласында қызмет етіп жүрген барша азаматтың кәсіби мерекесіне айналған. Бүгінгі таңда аталмыш мерекені жер бетіндегі жүзден астам мемлекет тойлайды екен. Ол елдерге Біріккен Ұлттар Ұйымының: «сіздің өміріңізді жақсы бағытқа өзгерткен ұстаздарыңыз туралы; білім саласы қызметкерлері үшін бөлінетін бюджет мөлшері туралы; мұғалімдер алаңсыз жұмыс жасау үшін еңбек жағдайын жақсарту туралы; ардагер ұстаздар үшін зейнетке шығу жасын төмендету туралы; мұғалімдер өз жұмыс орнында алатын моралдық-психологиялық қысымды азайту» сынды маңызды мәлімдемелері оң әсерін тигізген. Дегенмен, әлемдік ұйымның айтқанына құлақ аспаған елдер де жетерлік екен.
Мәселен, бұл мейрамды Түркия 24 қараша, Вьетнам 20 қараша, Үндістан 5 қыркүйек, Тайвань 28 қыркүйек (Конфуцидің туған күні), Албания 8 наурыз, Қытай 10 қыркүйек, Аргентина 11 қыркүйек, Польша 14 қазан, Солтүстік Корея 9 мамыр, Бразилия 15 қазан, Оңтүстік Корея 15 мамыр және Австралия қазан айының соңғы жұма күні атап өтеді.
Бұл мемлекеттердің мерекені бұлай тойлауына өз елдеріндегі маңызды даталар әсер еткен көрінеді. Ал Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Армения мен Эстония 1994 жылдан бастап мұғалімдер күнін 5 қазанға ауыстырған. Белорусь, Латвия, Украина елдері мұғалімдер күнін қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтеді.
Сондай-ақ, әлем елдері арасында мұғалімдерге өте ерекше құрмет көрсететіндер де бар. Мысалы, өзбек халқы 1 қазан күні ұстаздарына құрмет білдіріп қана қоймай, ел көлемінде демалыс жарияланады. Ал, Италияда 12 жыл ұстаздық еткен азаматтарды жауапты ұмыстардан түбегейлі босатқан екен. Олар осыншама еңбек өтілі бар ұстаздарға қатысты «мемлекет пен ұрпақ үшін еңбек етті, психикасына салмақ түсіруге болмайды» деген пікірде. Сондай-ақ, аталған мереке біздің елімізде де қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланатын.
Дегенмен, биылғы жылдың наурыз айында ел Үкіметі Қаулы қабылдап: «Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазанның бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден аса елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді», — деп мәлімдеді.
Жалпы, елімізде айналдырған төрт жыл көлемінде мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе көтерілген. Қазір 220 мыңға жуық ұстаз тағайындалған санаты үшін 50 пайызға дейін үстемеақы алып отыр. Одан бөлек, өндіріс орындарынан келген техникалық және кәсіптік білім беру педагогтерінің жалақысына 35 пайызға дейін қосымша ақы қосылған. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап 97 мың тәрбиешінің жалақысы 30 пайызға жоғарылады. Қорыта айтқанда, елімізде еңбегі ерен мұғалімдерге материалдық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да зор құрмет көрсетіліп жатыр.