Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайы» ғимаратында «Ұстазыма мың алғыс» салтанатты іс-шарасы өтті, — деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
«Ұстаздар күні» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы қатысты. Мерекелік шараның шымылдығы №11 Жамбыл Жабаев мектебі хор ұжымының орындауындағы «Ұстазым» әнімен түрілді.
Қала әкімі ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Елдің дамуы жолында мұғалімдердің алатын орнын ерекше атап өтіп, білім саласындағы жетістіктермен бөлісті.
– Баршаларыңызды бүгінгі кәсіби төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз – ұлағатты есім. Кез келген қоғамдағы, барлық кезеңдегі ұстаздың ұлы міндетіне баға жетпейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау маңызды міндет» деп ерекше атап өтті. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз – ортақ. Ұстаздан тәлім алған шәкірт ретінде менің де мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласым ерекше. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! – деді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.
Қала жетекшісі Түркістан қаласының білім саласында қажырлы еңбек етіп, үздік шәкірттер тәрбиелеген бірқатар ұстаз бен еңбек ардагерлерін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының «Құрмет грамотасымен», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Білім беру ісінің үздігі» және Алғыс хаттармен марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстады.
Жиын барысында Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова құттықтауларын жеткізіп, 20 ұстазға төсбелгі тақты.
Іс-шара соңында Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, жалпы, Түркістан қаласында 2023-2024 оқу жылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған білім мекемелерінің есебінен мектептер мен балабақшалар санында едәуір өсім болды. Нәтижесінде қазіргі таңда мектептердің саны 78-ге жетті. Олардың ішінде 34 мемлекеттік мектеп болса, жеке мектептердің саны 44 болып отыр. Қазіргі таңда мектептерде 52 596 оқушы оқу жылын бастаса, олардың ішінде 40 168 оқушы мемлекеттік мектептерде, 12 428 оқушы жеке мектептерде білім алды. Ал, 21 мемлекеттік балабақшада 3 709 бала, 123 жеке балабақшаларда 13 079 бала (жалпы 16 788 бала) тәрбиеленуде. Сонымен қатар, 6 мектептен тыс мекемеде 3741 бала түрлі үйірмелерге қатысуда. Ал, 2023-2024 оқу жылында 5 181 мұғалім еңбек етсе, олардың ішінде 4 515 мұғалім мемлекеттік мектептерде, 666 мұғалім жеке мектептерде еңбек етеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 1288 бала алғашқы білім мен тәрбие алып келеді.
Түркістандық педагогтар Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» №412 бұйрығы негізінде жұмыс жасауда. Бұл орайда педагогтар «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын жүзеге асыруда білім берудің заманауи әдістері мен түрлерін, озық педагогикалық тәжірибелерді енгізу, педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін және кәсіби шеберлігін арттыру арқылы білім алушылардың білім сапасын арттыру және Халықаралық зерттеулерге қатыса отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бағытын алға қойған.
Осы орайда айта кетерлік қуанышты жаңалықтардың бірі – «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектептердің салынуы болып отыр. 2024-2025 жылдары осындай 8 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жоспар бойынша жылдың соңында пайдалануға беріледі. Алдағы жылы тағы 5 мектептің құрылысы басталады.