Түркістанда АЭС бойынша референдумның қалай өткені белгілі болды. 2024 жылдың 6 қазаны қазақ елі үшін ерекше күн болды. Республика халқы ел болашағы үшін, кемел келешек үшін маңызды саяси шара Атом электр станция құрылысына қатысты референдумға қатысып, өз таңдауларын жасады.
Республикалық референдумға бір ғана мәселе шығарылды. Бюллетеньде «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұрақ болды. Оған «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру керек. Ал АЭС салатын компаниялар көрсетілмейді. Себебі атом электр станциясы салына ма, жоқ па, әзірше белгісіз. Оны халықтың таңдауы, яғни референдум көрсетеді.
Соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 12 244 683 адам референдумда өз дауысын беруге құқылы. Оның ішінде Түркістан қаласында 125 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
Шаһарда жалпы 62 сайлау учаскесі таңғы сағат 7-ден бастап жұмысын бастады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы референдумға қатысып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да ұйымдастырылған №133 референдум учаскесінде дауыс берді. Дауыс беруге құқылы азаматтар түрлі құралдар арқылы референдумға шақырылды. Ал, өздігінен келуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға жылжымалы жәшіктер мен мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдайтын инватаксилер қарастырылды.
Түркістанда 62 референдум учаскесі жұмыс істеді
Бұл күні халық өз таңдауларын жасау үшін референдум учаскелеріне қарай ағылды. Түркістан қаласының тұрғындары да өз таңдауларын жасау үшін, өздері тіркелген учаскеге барды.
Түркістан қаласында барлығы 62 референдум учаскесі жұмыс істеді. Сайлаушылар таңғы сағат 7.00-ден бастап, кешкі сағат 20.00-ге дейін өз таңдауларын жасады. Өз сайлау учаскеңізді «109 бірыңғай байланыс орталығына» хабарласу арқылы, referendum.gov.kz сілтемесіне кіріп, «Өзіңді сайлаушылар тізімінде тексер» деген атаумен арнайы баннерден білуге мүмкіндік болды.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы референдумға қатысып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да ұйымдастырылған №133 референдум учаскесінде дауыс берді.
Түркістан қаласында дауыс беруге құқылы азаматтар түрлі құралдар арқылы референдумға шақырылып, қалада 194 автобус азаматтарды ақысыз тасымалдады. Ал, өздігінен келуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға жылжымалы жәшіктер мен мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдайтын инватаксилер қарастырылды. Үйінде дауыс беретін сайлаушыларға референдум учаскелерінің комиссия мүшелері заңдылықтар мен ереже-талаптарды сақтай отырып, өз таңдауларын жасауға жылжымалы жәшіктер арқылы мүмкіндіктер жасалды.
Түркістан қаласы бойынша №117 референдум учаскесінде қаладағы жаңадан шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар өздерінің отбасылы өмірдегі алғашқы әрі жауапты қадамдарын жасады. Сонымен қатар Түркістан қаласы №931 референдум учаскесінде, қаламыздағы қолөнершілер қазақтың ұлттық нақыштарын дәріптейтін ұлттық бұйымдары мен кәде сыйларын дауыс берушілерге тарту етті.
«Байтақ» жасылдар партиясының Саяси кеңес бюросының мүшесі Ғани Назарбек Түркістан қаласы №886 референдум учаскесінде дауыс берді. Ол, «Референдум болашаққа таңдау жасайтын кез. Байтақ» партиясы өз таңдауын жасады», — деп жазып қалдырды әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Дауыс» тәуелсіз байқаушылар коалициясының Түркістан қаласы бойынша бақылаушысы Жетпісбай Жұлдыз Жүсіпқызы: «Түркістан қаласы округіндегі №121 дауыс беру учаскесінде референдум бойынша дауыс беру заң шеңберінде ашық өтіп жатыр. Ешқандай бұзушылықтар тіркелмеді. Адамдар дауыс беруге келіп жатыр, учаскедегі халық саны бұрынғы сайлауларға қарағанда көп» — деп атап өтті.
Бүкілхалықтық референдум күні Түркістан қаласы бойынша жылжымалы медициналық пункттер жұмыс істеді. Аталған медициналық бригадалар учаскелерге келген дауыс берушілердің денсаулығын бақылады.
Жалпыхалықтық референдум аясында Түркістан қаласы тұрғындары мен қонақтарына көңіл-күйін көтеру мақсатында қала әкімдігі тарапынан №28 мектеп-лицейінің аумағында жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда азық-түлік тауарларының бағалары қол жетімді болды. Дауыс берушілер «осындай жәрмеңке ұйымдастырып халықтың көңілін көтеріп жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз», — деген сарында пікірлерін білдіріп жатты.
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-ң дауыс беру учаскесінде референдум қарсаңында кітап жәрмеңкесі өтті. Науқанға белсене қатысып, өз таңдауын жасауға келген қала тұрғындары арзан бағада түрлі жанрлардағы кітаптарды сатып алу мүмкінідігі туда. Бүгінгі таңда 10 мыңға жуық студентті білім нәрімен сусындатып отырған оқу орны аумағындағы учаскеге дауыс беру үшін жиылғандардың қарасы көп болды. Көрме-жәрмеңке де көпшіліктің назарынан тыс қалмады.
Түркістан қаласында референдум аясындағы №133 дауыс беру учаскесіне алғашқылардың бірі болып, ең жас дауыс беруші келді. 18 жастағы Несібелі Сегізбай елімізде АЭС құрылысының жүргізілуіне қатысты өз таңдауын жасады. Алғашқы үлкен таңдауын жасаған Несібелі ел тұрғындарын референдумға белсенді қатысуға шақырды. Жас дауыс берушіге учаске атынан арнайы сыйлық берілді.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы күні бойы учаскелердің ашылуы және дауыс берудің басталуы туралы ақпарат беріп отырды. Сондай-ақ әрбір екі сағат сайын ҚР ОСК мүшелері дауыс берушілердің келуі туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының деректерін беріп отырды.
Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20.00-де аяқталды. Сайлауда заң бұзушылық тіркелген жоқ. Ал жалпы референдум күні Түркістан облысында 1 млн 180 мыңнан астам дауыс беруге құқылы болды. Өңірде 17 аудан-қала бойынша 945 референдум учаскесі жұмыс істеп, онда Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясынан 13 республикалық қоғамдық бірлестік, Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясынан 32 қоғамдық бірлестік аккредитациядан өтті.
Барлық 945 референдум учаскесінде 6 433 байқаушы мен 20 мобильді капитан жұмыс істеді. Сондай-ақ 167 ауылдық елді мекенде тұрғындарды тексеру үшін жылжымалы медициналық пункттер қызмет көрсетті. Барлық учаскелер талапқа сай жабдықталды. Мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы құрылғылар қойылған. Дауыс беру азаматтардың тұрғылықты жері бойынша референдум учаскелерінде өтті. Учаскелер 07:00-ден 20:00-ге дейін ашық болды. Дауыс беру нәтижелері 7-12 қазан аралығында жарияланады.