Ауыл шаруашылығы саласында 10 жылдан бері еңбектеніп келе жатқан кәсіпкер Аширафи Шымбергенов Түркістан облысы Сарыағаш ауданына алғашқылардың бірі болып құлпынай өсірудің заманауи озық технологиясын әкелген. Қазіргі күні дамыған Шығыс Азия елдерінен көріп, үйреніп келген жидек өсірудің жаңа әдіс-тәсілі арқылы жылына 500 тонна құлпынай өндіріп, алыс-жақын қалаларды ауылшаруашылық өнімдерімен тұрақты қамтып отыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Оның сөзінше, ауыль шаруашылығы саласына заманауи технологияларды қолданып, тиімді әдіс-тәсілдермен жұмыс істесе өнім көбірек, жұмыс күші азырақ жұмсалады.
«Осыдан оншақты жыл бұрын құлпынай жидегін өсіру бізде аса дами қоймаған болатын. Өзім ауыл шаруашылығында 2014 жылдан бері жұмыс істеп келем. Оның алдында басқа шаруалармен айналыстық. Бірақ бізде егін егілмей жатқан жерлер көп болды. Игергендер игерді, қалғаны қаңырап бос жатты. Соған қарап ауыл шаруашылығына неге бармасқа, қара жерді тіршілік көзіне неліктен айналдырмасқа деген ой келді. Нарығымызды шетелден әкелінген жеміс-жидектер, көкөністер толтырып жатыр. Құнарлы жер аяқ астында жатқанда, өзіміздің өнімді шығаруымыз керек қой деген тоқтамға келіп, белді бекем будым»,- дейді «Абдураман» шаруа қожалығының басшысы алғашқы жылдарын еске түсіріп.
Аширафи Шымбергенов құлпынай өсіруді отбасылық кәсіпке айналдырған. Айтуынша, сұраныс жоғары, тұтынушылар да дән риза.
«Алғашқы кезде әртүрлі ауылшаруашылық көкөністерінен бастаған едік. Бұршақ, болгар бұрышы, қияр, қызанақ, баялды, кәді ектік. Кейін құлпынай өсіруге біржола бет бұрдық. Құлпынай өсірудің шығыны аз емес, бірақ басқа жеміс-жидекке қарағанда сұранысы жоғары болып келеді. 7-8 жылдан бері тек осымен айналысамыз. Отбасымызбен кәсіп қылып, нәсібімізді тауып отырмыз. Алғашында құлпынайды тек ашық алқапта өсіретін едік, кейнгі төрт жылдан бері қысты күні де тоқтатпай, жылыжайда өсіруді үйрендік. Кореяда қыста да құлпынай шығарады екен дегенді естіп, сол жаққа барып, өз көзімізбен көрдік. Тәжірибе жинақтадық. Кореяда, Жапонияда, Қытайда қолданатын технологияны елімізге алып келдік. Ауылдағы шаруашылығымызда пайдаланып көрдік. Өзімізге қатты ұнады», — дейді кәсіпкер Аширафи Шымбергенов.
Кәсіпкердің түсіндіруі бойынша, жапониялық жаңа технология қыста жылыту жүйесін қажет етпейтін, арнайы тігілген жамылғы арқылы жылытылатын жылыжай кешені. Жылыжайдың ерекшелігі – құлпынайлар күн сәулесі және арнайы тігілген көрпешелер арқылы өсіріледі. Осы арқылы қыс мезгілінде жылытуға аз шығын жұмсап, жылыжайда құлпынай өсіруге болатынын дәлелдеді. Бұл қаржылық тиімділікпен бірге, өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне де оң ықпалын тигізіп жатыр.
«Бізде жылыжайлардың бәрі көмірмен, газбен жылынады. Көмір мен газ жаққан соң, өнім амалсыз қымбаттайды. Соның әсерінен шетелден әкелген арзан өнімнің қасында ішкі нарықта бәсекелестікке шыдас бере алмай қаламыз. Сондықтан Шығыс Азия елдері қолданып жүрген технологияларды көргенде, тиімділігін дереу байқап, алып келдік. Енді жылыжайды жылы ұстау үшін от жағудың қажеті жоқ. Жылу ұстап тұратын арнайы материал бар. Ол -30 градус суыққа төтеп береді. Кешкісін үстін жауып қоямыз, таңертең ашамыз. Күндіз жиналған жылуды түнімен ұстап тұрады. Былтыр алып келіп, қыста сынақтан өткіздік, -24 градус суық кезде, от жақпадық. Жылыжай ішінде +6 градус болып тұрды. Пилоттық жоба ретінде 2,5-3 гектар жерге құрып, өнімін алдық. Осыны ары қарай дамытуды қолға алмақпыз. Мұның бір артықшылығы — қыстың күні жылытуға кететін қаражат өнімнің өзіндік құнын жоғарылататын еді, енді жылуға ешқандай қаржы жұмсамаймыз. Мұнда алынған өнім төмен бағада нарыққа шығады. Соның арқасында ішкі нарыққа арзандау сата аламыз және шетелден келген арзан құлпынайларға дес бере аламыз. Шығын аз болған соң, базарға төмендеу бағамен шығарсақ та бізге пайда түседі. Бұл технологиямен қалаған ауыл шаруашылық өнімін өсіре беруге болады», — дейді іскер жігіт.
Айтуынша, ішкі нарықтың өзін қыстың күні өзіміздің шаруалар қамти алмайды, жылыжайда өсірілетін 80-90 пайыз құлпынай елімізге шет мемлекеттерден тасымалданады.
«Абдураман» шаруа қожалығының басшысы қазіргі басты мақсат – өз нарығымызды толықтай қамтамасыз етуге қол жеткізу дейді.
«Бірінші орында ішкі нарықты толтыруды ойлап отырмыз. Кейін кеңейіп, шет елдерге де шығарсақ деген жоспарымыз бар. Артылып жатса, көрші елдер, негізгі нарық Ресейге шығарғымыз келеді. Ал қазір негізінен Алматы, Астана, Шымкент, Тараз қалаларына экспорттап отырмыз. Ашық алқап пен жылыжайдан өніп шыққан құлпынайларды қоса есептегенде жылына 500 тоннадай өнім аламыз. Жылыжайды үлкейту ойда бар. Жапондық технология бізге қатты ұнады. Осы технологияны пайдалану арқылы алға жылжуға мүмкіндік бар», — деді ол.
Шаруа қожалығының басшысы шетелдерге барып тек құлпынай өсірудің жолын ғана емес, оның шыдамды, дәмді, үлкен сорттарының тұқымын да алып келген.
«Құлпынай егумен айналысу үшін әуелі білікті маманның кеңесін алып, өзгелердің тәжірибесін байқап, бақылаған жөн болады. Өзіміз әуелі бастағанда тәжірибеміз болмаған соң бір-екі жылдай ауызымыз күйген. Бұл кәсіпті біз бастаған кезде Қазақстанда мамандар тапшы болды. Кейін шетелге шығып, сол жердегі шаруалармен ақылдасып, құлпынайдың шыдамды тұқымдарын алып, қайтадан бастағанбыз. Содан кейін ғана қолымыз жүріп, шаруамыз дөңгеленді. Сол кезден бастап әр жыл сайын бір-екі мемлекетке барып, тәжірибе алмасып отыруды әдетке айналдырдық. Оншақты жыл бұрын, кәсіпті бастаймыз деп ойланып жүрген кезде ғаламторды ақтарып, біраз өз бетімізбен іздендік. Ол кезде жергілікті сорттар ғана болды. Ертеректен бері келе жатқан құлпынай сорттары тасымалға шыдамсыз, базарға барғанша ағып кететін еді. Көрші елдер басқа мемлекеттерден әкеліп, төзімді дәмді тұқымдарды егіп жатты. Сондықтан біз де еуропалық сорттардың тұқымын егеміз деп шештік. Ғаламтордан іздеп, тек Орал мен Алматы қаласынан таптық. Сосын Алматыға тапсырып беріп, көшеттерді сатып алдық. Көшетті тамыз-қыркүйекте отырғызамыз, ол бір жылдан кейін ғана жидек береді. Тура осылай жасадық та, келер жылы жемісін күттік. Көктемде өнімін алайық десек, мүлде басқа сорт болып шықты. Осылайша алданып қалып, бір жылымыз зая кетті. Бірақ алған беттен қайтпай, тағы да іздей бастадық. Бұл жолы Орал қаласындағы фирмаға тапсырыс бердік. Бірақ олардың жолмен жіберген көшеттері жетем дегенше өліп қалды. Сонымен екінші жыл да босқа өтті. Қазақстаннан өзіміз іздеген құлпынай түрін таба алмайтынымызға көзіміз әбден жеткен соң, шетелден қарауға көштік. Шетелге шығып, қалаған тұқымымызды алып, шетелдік мамандардан қалай егіп, баптауды үйреніп қайттық. Елге келіп көшеттерді отырғызып, жерсіндірдік. Содан бастап жұмысымыз алға басты. Ол кезде бұл сорттар Қазақстанда жоқ еді, қазіргі технология да болмаған. Көп шаруа арықпен суаратын, тамшылатып суару, «парниковая пленка» технологиясын қолданбайтын. Сол кезден бері шетелдік сорттарды дамытып келе жатырмыз. Қыста өнім беретін кореялық құлпынай сорттары: сольхянг, мерхянг, жапониялық Токио, Тянь-Шань, еуропалық клери, джоли, Сирия, Альбион, Кабрилло, Мурано деп аталады.
Құлпынай өсіруге қол күші көп керек болады, сондықтан жұмысшылар да көп болуы қажет. Бізде 10-15 шақты жұмысшы бар, сол үшін қыста жапониялық сорттарды ғана егеміз», — дейді ол.
Сарыағаш ауданына құлпынайды жылыжайда өсірудің жаңа технологиясын алып келген Аширафи Шымбергеновтен ауыл шаруашылығын кәсіпке айналдырған жерлестері де жаңалықты үйреніп, өнім өндіре бастаған.
«Жанымыздағы диқандар да үйренді. Қазір Сарағаш өңірі толықтай осы технологиямен егіп жатыр. 10 шақты диқан біздің әдісімізді көріп өздері де солай істеп жатыр. Келген адамдарды үйретіп жіберіп жатырмыз», — дейді кәсіпкер.
Фото: Түркістан облысының әкімдігінен