Түркістан өңірінде қарттар үшін ерекше мәнге ие болатын тағы бір «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Бұл жоба облыс тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болғандықтан, жаңа филиалдар ашылуда. Осылайша, мерекелік күнге орай «Отырар» тұрғын алқабында жаңадан ашылған №2 филиал қызмет көрсетуді бастады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, ардагерлерді қарттар күнімен құттықтады.
– Сіздерді Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қарттарымыздың жүрегіндегі даналық пен өмірлік тәжірибесі – барлығымыз үшін баға жетпес мұра. Қарттарымыз еліміздің дамуында және тәуелсіздігімізді нығайтуда үлкен үлес қосты. «Қарты бар ел – қазыналы ел» деп дана халқымыз айтқандай, үлкендерімізді ардақтау – біздің борышымыз. «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары қарияларымыздың денсаулығын нығайтуға және бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған. Орталықтардың маңыздылығы арта түсуде, – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
«Белсенді ұзақ өмір» орталықтары – қарттардың белсенді өмір сүруі мен денсаулығына ерекше назар аударуға бағытталған бастамалардың бірі. Түркістан қаласындағы орталықтарда зейнеткерлерге салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытын мазмұнды өткізуге жағдай жасалған. Бұл орталықтар қарттарға медициналық, психологиялық, құқықтық және ағартушылық қолдау көрсетеді.
Орталықтың ашылуына қатысқан ақсақалдар да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдірді. Шара барысында зейнеткерлер аймақ басшысымен еркін сұхбаттасып, орталықтың жұмысы туралы ой-пікірлерін бөлісті. Олар жаңа орталықтың ардагерлер үшін қолайлы екенін атап өтіп, өз баталарын берді.
Облыста қариялар саны артып келеді. Бүгінгі күні Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. 2021 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бекіткен 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспары аясында зейнеткерлерге қызмет көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – қарттардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету.
Қарттарға қамқорлық көрсету, оларды қолдау және лайықты жағдай жасау мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Түркістанда ашылған «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары күн сайын 60-70 зейнеткерге қызмет көрсетіп, ай сайын 120-150 адамға дейін қамтуда. Жыл басында бұл орталықтарда 3480 адамға қызмет көрсету жоспарланған болатын, қазіргі таңда 2240 зейнеткерге қызмет көрсетілген.
Орталықтардың қызметі қарияларға бірқатар әлеуметтік қолдау түрлерін ұсынады. Әлеуметтік-медициналық, психологиялық және құқықтық кеңестермен қатар, орталықтарда қарттардың білімін жетілдіру және шығармашылықпен айналысуға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мақсаты – қарттардың салауатты өмір салтын ұстанып, физикалық және психологиялық тұрғыдан белсенді болуына көмектесу.
Сонымен қатар, орталықтарда мәдени шаралар, танымдық сабақтар, спорттық жаттығулар ұйымдастырылады. Мұндай шаралар қарияларға қоғамнан шет қалмай, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Қариялар осындай іс-шараларға қатысу арқылы өз денсаулығын жақсартып, өмірлік белсенділігін арттырады.
«Белсенді ұзақ өмір» орталықтары алдағы уақытта да кеңейе бермек. Әкімдік пен жергілікті билік бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Түркістан облысында ашылған 17-ші орталық өңірдегі қарттардың өмір сапасын арттыру мақсатында маңызды қадамдардың бірі болды. Мемлекет қариялардың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек.