Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасында Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысты. Облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, медицина мамандарының жұмыстарын ерекше атап өтті, — деп хабарлайды todayinfo.kz ақпараттық порталы.
«Бүгінде аймақта халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, дәрігер мәртебесін арттыру үшін қажетті шаралардың барлығы жасалуда. Жалпы халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз етуге, профилактикалық бағытты дамытуға, қызмет сапасын көтеруге, ана мен бала денсаулығын қорғауға, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға, кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған іс-шаралар өңірімізде тұрақты жүзеге асырылып келеді. Жаңа медициналық нысандар салынып, мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Ұлттың саулығы, ұрпақтың болашағы, мемлекеттің өсіп-өркендеуі ең алдымен азаматтардың денсаулық жағдайына байланысты. Халық денсаулығын жақсарту мен медициналық қызмет сапасын арттыру жолында атқарып жүрген қажырлы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Алдымызда ел денсаулығын одан әрі қорғау, сапалы адами капитал қалыптастыру, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығына қол жеткізу бағытындағы жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр», – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы.
Республика күні қарсаңында салтанатты жағдайда ақ халатты абзал жандар «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Еңбек ардагері медальі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, басқарма басшысы Асхан Байдувалиев барша жиналушыларды мерекемен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Түркістан өңірінде халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз етуге, ана мен бала денсаулығын қорғауға, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға, кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Түркістан облысы аумағындағы 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған.
Бүгінде жалпы Түркістан облысында 250 медицина маманына қажеттілік бар. Атап айтқанда акушерия, аллергология және иммунология, анестезиология және реаниматология, ангиохирургия, балалар хирургиясы, гастроэнтерология, гематология, дерматовенерология, жақ сүйек-бет хирургиясы, кардиология, клиникалық фармакология, медициналық генетика, нейрохирургия, неонаталогия, нефрология, онкология, патологиялық анатомия, педиатрия, радиология, ревматология, травматология-ортопедия, физикалық медицина және реабилитация, эндокринология сынды бағыттары бойынша кадрлар жетіспейді.
Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін облыс басшысы Дархан Сатыбалдының қолдауымер биыл резидентураға 139 орын бөлінді. Ол үшін 6 университет пен институт таңдалды. Солардың ішінде ХҚТУ де бар. Былтыр резидентураға 30 грант бөлініп, мамандар қазіргі таңда білімін жетілдіріп жатыр. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ІТ саласына 35, медицина бойынша 15 орын берілді. Бұл орындарды тек Түркістан облысының мектеп бітірушілері иеленді. Құжат тапсырғандардың арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І және ІІ топтағы немесе бала кезінен мүгедектер, осы санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, толық емес және көпбалалы отбасылардың балалары, ауыл жастары, Алтын белгі иегерлеріне гранттар үлестірілді. Бұл студенттерге Түркия еліне барып, білім алуларына мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Бір ғана шарт оқуды тәмамдаған соң университет түлектері 5 жыл Түркістан өңірінде жұмыс істеулері қажет.
Түркістан өңіріндегі медицина саласы соңғы жылдарды айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізе алды. Мәселен, балалардың туа біткен жүрек ақауларына өткен 10 жыл ішінде 3020 ота жасалды, 2023 жылы 131 ота және 2024 жылдың 9 айында 108 ота жасалды. Шеберлік сынып аясында 13 күндік нәрестенің критикалық туа біткен жүрек ақауын жасанды қан айналымы жағдайында түбегейлі түзету бойынша ота жасау жоспарлануда. Мұндай ота қант диабетіне шалдыққан науқастарға дәрілік емдеу көмектеспеген жағдайда жасалады. Себебі бұл дертке шалдыққандардың басым бөлігі артық салмақтан зардап шегіп, қосалқы аурулары асқынып жатады. Ал өзге елден келген дәрігерлер алдағы күндері асқазанға жасалатын лапораскапиялық операцияларды Ташкент қаласына барып жасап, тәжірибе алмасады.