Түркістан қаласында «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық ғылыми симпозиум өз жұмысын бастады. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың симпозиум қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді.
Бұл симпозиумды өткізу бастамасы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Мемлекет басшысы тарапынан көтерілген болатын. Ол кезде Президент:
«Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аудару қажет. Бұл үшін отандық және шетелдік ғалымдарды шақырып, арнайы симпозиум ұйымдастыру керек», – деп атап өткен болатын.
Жиынға Қазақстаннан және шетелден – Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапониядан келген 100-ге жуық танымал ғалым қатысып жатыр.
Симпозиум аясында:
- Ясауи мұрасының түрлі қырларын қамтитын ғылыми баяндамалар тыңдалады,
- Пікірталастар өтеді,
- Ғалымдар өзара тәжірибе алмасады.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өз сөзінде симпозиумның маңызын ерекше атап өтіп:
«Бұл жиын Ясауидің гуманистік идеяларын жүйелі зерттеп, оның рухани-зияткерлік мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға үлкен серпін береді», – деді.