Түркістан қаласындағы Райымбек Сейтметов театры В.Шукшиннің 95 жылдығына орай Барнаул қаласында екінші рет өткізілген «Здравствуйте, люди!» атты театр фестиваліне қатысты. Театр ұжымы Василий Шукшиннің «Ауыл әңгімелері» трагикомедиясын Василий Шукшин атындағы Алтай өлкелік драма театрында сахналады, — деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
Орысша жазылып, қазақы нақышта қойылған спектакль Барнаул жұртшылығын ерекше қызықтырды. Қойылымды тамашалауға келген халықтың қарасы қалыңдығы сонша, залда тіпті ине шаншыр орын болмады. Қойылым барысын бақылап отырған Василий Шукшин атындағы Алтай өлкелік драма театры ұжымы қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, таң қалыстарын жеткізді:
«В 15:00 мы увидели удивительный спектакль «Деревенские рассказы» Музыкально-драматического театра г.Туркестан имени Р.Сейтметова! Непередаваемый опыт – когда ты не понимаешь, о чём говорят, но при этом осознаешь все события и переживания героев, узнаешь сюжеты произведений Шукшина. Энергия, пыл, талант артистов преодолели все языковые барьеры! Зрители снимали видео. Запрещено, да. Но как тут запретишь, когда понятно – очень хочется показать близким хотя бы кусочек спектакля, чтобы передать свои впечатления!».
Талантты актерлар сомдаған образдарын көрерменнің жүрегіне жеткізіп, сыншылардың жақсы пікіріне ие болды. Ресей елінің белгілі сыншысы, «Летающий критик» жобасының белді мүшесі Ксения Аитова кәсіби талдау жасап, жоғары бағасын берді. Сонымен қатар, театр ұжымы келесі жылы тамыз айында Мәскеу қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан Кинешма қаласының А.Н.Островский атындағы театрында өтетін «ОСТРОВСКИЙ FEST» атты театр фестиваліне дәл осы қойылыммен шақырту алды.
Театрсүйер көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кәсіби сыншылардың қатал сынынан өткен театр ұжымы В.Шукшин шығармалары бойынша II халықаралық «Здравствуйте, люди!» театр фестиваліне қатысқаны үшін арнайы диплом мен кәдесый ( Василий Шукшинің мүсінінің кішкентай көшірмесі) және В.Шукшиннің шығармалар жинағымен марапатталды.
Айта кетейік, Райымбек Сейтметов театры Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған өнер бөлімі ретінде ұйымдасып, кейін Түркістан қалалық театры болып 2000 жылы 9 наурызда ашылды. Театр ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі — Қазақстанның халық артисі Райымбек Сейтметов. Құрылған жылдың өзінде-ақ Б. Вахапзаденің «Небесные тюрки» драмасымен Түркияда өткен «Еуропа бірлігі» театр фестиваліне қатысты. Түріктер тарапынан жасалған өтінішке орай түрік тілінде қойылып, кейіннен Қазақстанмен достық қатынастағы елдердің он бір қаласында көрсетілді. 2017 жылы театрға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Райымбек Сейтметовтің есімі берілді.