Түркістан қаласының жастар ресурстық орталығының алаңында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарына 40 жас өрен мен Үлттыұ қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекті командасы қатарына 30 жігітті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
Іс-шараға әскери сала мен соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, жас сарбаздардың туыстары мен жақындары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты. Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев әскердегі қызмет – әрбір азаматтың қасиетті борышы және әрбір қазақстандық отбасының тыныштығының кепілі екенін атап өтті, сондай-ақ жас сарбаздар буынына сәттілік тіледі.
«Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы» — деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.
Сондай-ақ Қарулы Күштер ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Бабай Алдабергенов әскерге шақырылушыларға ақ жол тілеп, елдің қауіпсіздігін сақтау оның әрбір азаматының аса маңызды міндеті екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Конституциясындағы маңызды міндеттердің бірі – Отан алдындағы борышты өтеу. Қазіргі таңда әскери бөлімшелер Отанға адал қызмет етемін, өз еркімен әскерге барамын деген жастардың қатары артса деймін. Жаңа киімдермен, жаңа әскери техникалармен қамтамасыз етілді. Жылы казармалар, спортпен шұғылдануға, демалыс күндерін тиімді өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған. Әскери борышын өтеп келген соң, офицерлік жолды таңдап, ішкі істер органдарына, басқа да салаларға қызметке орналасып жатқандар бар» — деді запастағы подполковник Бабай Алдабергенов.
Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаевтың айтуынша, бүгінгі күні ҰҚК Шекара қызметіне күзгі шақыру жоспарына сәйкес облыстан медициналық және психологиялық комиссиядан өткен 300-ден астам әскерге шақырылушы жіберілді. Бұдан басқа, бүгіннен бастап Қарулы Күштер қатарына әскерге шақыру жасындағы 1000-нан астам азамат шақырылады. Ал күзгі шақыру науқаны осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.
Шақыру науқанының жоспарына сәйкес бірінші кезекте ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелері, Мемлекеттік күзет қызметі, содан кейін Қарулы Күштердің әскери бөлімдері, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы жасақталатынын атап өткен жөн. Ал төрт айдың ішінде Түркістан облысынан 18-27 жас аралығындағы 2500-ден астам азамат әскер қатарына шақырылады. Жалпы Түркістан өңірінде жұмыссыз жүрген жастарды мүмкіндігінше әскерге баулу мақсатында жұмыстар қолға алынған. Жастарды әскери оқуға жіберу бойынша жұмыстар жүргізіледі деп жоспарлануда. Оған қоса жастарды отаншылдыққа, әскери бағытта тәрбиелеу, мемлекеттік органдардың азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру жұмыстары жолға қойылған.