Түркістанда облыстық ветеринария басқармасының ветеринариялық қызмет басшысына қатысты үкім шықты. Ол қызметкерлерден заңсыз түрде сыйақы жинағаны үшін сотталды.
Антикоррупция қызметінің мәліметі бойынша, ветеринария қызметінің басшысы Бегманов Б. 115 аудандық ветеринария қызметкерлерінен жалпы сомасы 5,5 миллион теңге сыйақы жинап алған. Бұл әрекеті лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану болып танылды.
Сот Бегманов Б.-ға 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында бұрынғы Уил ауданының сәулет, құрылыс, ТКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру кезінде пара алғаны үшін сотталған болатын. Оған 21 миллион теңге айыппұл салынды.