Түркістан облысында халықаралық туристік серіктестікті нығайту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл жолы облыс басшылығы мен Қытай Халық Республикасының туризм саласындағы жетекші өкілдері өзара ынтымақтастықты дамыту жөнінде келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай делегациясы арасында өткен ресми кездесуде екі ел арасындағы туризм саласындағы өзара тиімді әріптестікті жолға қою мәселесі сөз болды. Кездесу барысында аймақ басшысы Beijing Zhongxing Huizhi International Culture & Tourism Development Co., Ltd. компаниясының басқарушы директоры Сюнь Шаньхуамен жүздесіп, екіжақты байланыстардың келешегі мен нақты бағыттарын талқылады.
Басқосу аясында тараптар Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру, шетелдік инвестиция есебінен жаңа жобаларды іске асыру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелерін талқылап, ортақ қызығушылық танытты. Қытайлық тарап өңірдің инфрақұрылымдық даму қарқыны мен тарихи-мәдени объектілерінің мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.
Сапар барысында делегация Түркістан қаласындағы туристік кешендер мен мәдени нысандарды аралап, заманауи инфрақұрылыммен танысты. Қонақтар “Керуен-Сарай” туристік кешені, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және жаңадан бой көтеріп жатқан туристік аймақтарға ерекше қызығушылық танытып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы Қазақстанның жетекші туристік аймақтарының біріне айналып келеді. Ресми деректерге сәйкес, өңірге келетін туристер саны жыл сайын артып отыр. Соңғы уақытта тәуліктік келушілер саны 1 миллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер облыста туризмнің экономикалық драйверге айналып келе жатқанын дәлелдейді.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап өзара ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісімге келіп, алдағы уақытта нақты бірлескен жобалар бойынша жұмыс жүргізуге уағдаласты. Мұндай қадамдар Түркістан өңірінің халықаралық туристік картадағы рөлін одан әрі арттырып, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады.