Түркияның Сындыргы қаласында 6.1 магнитудалы қатты жер сілкінісі болды, деп хабарлады Түркияның Табиғи апаттармен күрес басқармасы (AFAD). Бұл туралы «NewTimes.kz» АА жазды.
Ғимараттар құлап, 19 адам жарақат алды
Елдің Ішкі істер министрі Әли Ерликаяның айтуынша, апат салдарынан үш ғимарат пен бір дүкен құлаған.
Түркияның Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоглу X әлеуметтік желісінде 19 адамның зардап шеккенін хабарлады. Оның айтуынша, адамдар дүрбелең кезінде ғимараттардан секіру және құлау салдарынан жарақат алған. Зардап шеккендердің төртеуі ауруханадан шығарылған, қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда.
Ердоған: «Зардап шеккен аумақта мамандар жұмыс істеп жатыр»
Ел президенті Режеп Тайып Ердоған жерасты дүмпулері көршілес провинцияларда да сезілгенін мәлімдеді. Ол зардап шеккен аумақта барлық қажетті мамандардың жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Балыкесир провинциясының Сындыргы ауданында болған және көршілес аймақтарда сезілген жер сілкінісінен зардап шеккен барлық азаматтарға қолдау сөздерімді және тезірек сауығып кетулерін тілеймін», — деп жазды Түркия президенті X әлеуметтік желісінде.

