Абай облысында түрме ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрған 8 адамға үкім шықты, деп хабарлайды Todayinfo.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, сотталған адамдардан құралған қылмыстық топ түзеу мекемесінде басқа сотталушыларға күш көрсетіп, қысым жасап, олардан ақша бопсалаған.
«Қаражат физикалық зорлық-зомбылық, психологиялық қысым және қорлау сипатындағы «жиналыстар» арқылы алынған. Мұндай жиналыстарда жәбірленушілер өз ақшаларынан «ерікті түрде» бас тартуға мәжбүр болған», – делінген ресми мәлімдемеде.
Қылмыстық істің күрделілігіне байланысты тергеуді облыс прокуратурасы жүргізген. Тергеу нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтың тоғыз тұрақты мүшесі анықталған.
«Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы 1 және 2-бөліктері (ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және оған қатысу) және 194-баптың 4-бөлігінің 1-тармағы (бопсалау) бойынша сотқа жолданды», – деп нақтылады ведомстводан.
Сот үкімі бойынша сегіз айыпталушы кінәлі деп танылып, олар 8 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал тоғызыншы күдікті үкім шықпай тұрып қайтыс болғандықтан, оған қатысты іс қысқартылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Фото:freepik