22 қарашада Алматы облысының прокуратурасының үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мен Ішкі істер министрлігі (ІІМ) Алматы, Қостанай және Жетісу облыстарындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде радикалды діни идеологияны ұстанушы 10 адамның қызметін тоқтатты.
Теракт жоспарлаған
Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталғандардың бірі қамауда теракт ұйымдастыруды жоспарлаған, ал қалғандары терроризмді насихаттауға және лаңкестік әрекеттерді ұйымдастыру үшін адамдарды үгіттеуге қатысқан.
«Жазаларын өтеп жатқан орындарда тінту барысында суық қару, смартфондар және басқа да айғақты заттар тәркіленді. Ұсталғандардың бірі экстремизм үшін сотталған, қалғандары кісі өлтіру, тонау және ұрлық үшін жазасын өтеп жатқан адамдар. Сондай-ақ Алматы қаласында пробациялық бақылауда болған олардың серіктесі ұсталды», – делінген ҰҚК таратқан хабарламада.
Қылмыстық іс қозғалды
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың сәуір айында ҰҚК Ақтауда теракттің алдын алғаны туралы хабарлаған болатын.