Танымал журналист Кәмшат Тасболат Құралай ханымның даулы жазбасына қатысты өз пікірін ашық айтып, қоғамды адастыратын манипуляциялар жасалып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, коучтың кешегі дөрекі жазбасына көпшілік жаппай қарсы шыққаннан кейін, бүгінгі “кешірім сұрағандай” болған жаңа посты – қоғамды тағы да бағытынан жаңылту әрекеті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Кәмшат Тасболаттың сөзінше, Құралай ханымның “әйелдердің кәсібін қолдау”, “кинога бару – міндет” деген риторикасы мәселенің түп-төркінін бүркемелеу үшін әдейі қолданылған.
“Бұл жерде әйел мәселесі туралы сөз болмайды. Әйел құқығын орынсыз пайдалануды доғару керек. Мөлдірдің фильмі – әйел мәселесі емес. Шынайы қиындыққа тап болған, абьюзер күйеуі тастап кетіп, бала-шағасымен таксист, курьер, сатушы болып жүрген әйелдер бар. Солардың тағдыры – әйел мәселесі. Ал 160 млн теңгеге орта деңгейде кино түсіріп, кейін халықтан 3000 теңгені санау – мүлде ұят тірлік”, – дейді журналист.
Ол сондай-ақ Құралай ханымның “әжелеріміз секілді ‘терпила’ болмауды үйретеміз” деген сөзіне де тоқталды.
“‘Терпила’ – қылмыстық жаргон. Түрмеде зорланған, қорланған адамды осылай атайды. Бұл сөзді әйелдерге қатысты қолдану – мәдениетсіздік, этикаға қайшы. Қасиетті ‘Отан’ сөзін боғауыздың арасына қосып сөйлеу – тіпті масқара”, – деді Тасболат.
Журналистің айтуынша, кино саласында гендерлік алалаушылық жоқ. Қазақ көрермені фильмді режиссердің жынысына емес, сапасына қарап бағалайды.
“Бізде әйел түсірген фильмдер өте жақсы касса жинап жүр. Мысалы, Бадықованың үш фильмі 4,7 млрд теңге жинады. Мамасарипованың жаңа картинасы 1 млрд-қа жақындады. Әйелді бөлу жоқ. Сапасыз фильмді жасанды ‘әйел мәселесі’ арқылы қорғау – манипуляцияның ең өрескел түрі”, – деді ол.
Кәмшат Тасболат TikTok-та “Шәй” фильміне барған көрермендердің сын-ескертпелерін еске салды. Көпшіліктің пікірінше, фильм кәсіби деңгейде түсірілмеген, ал сын көтере алмаған Мөлдір Мұқан мен оны жақтаушылар халыққа дөрекі сөйлеуге көшкен.
“Халықты менсінбей, ‘Отанымды жемеңдер’ деп айту – жауапкершіліксіздік. Отан – қасиетті ұғым. Оған тіл тигізу – елге теріс үлгі. Мұндай сөздерге құқықтық, лингвистикалық баға берілуі керек”, – деді журналист.
Фильм атауына да тоқталып өтті.
“Қазақша түсірілген, қазаққа арналған фильмнің орысша ‘Шай в большом городе’ деп аталуын қалай түсінуге болады? Бұл – ең сәтсіз шешімдердің бірі. Америкалық фильмдермен салыстыруға да келмейді. Өз деңгейі анық көрініп тұр”, – деп жазды журналист.
Оның айтуынша, фильмге бойкот жариялап жүргендер – қазақ тілінің, Отан ұғымының қадірін түсінетін азаматтар.

