Түркістан облысында жаңа жұмыс орындарын ашу қарқынды жүріп жатыр. Биыл өңірдегі 893 адам өз кәсіптерін бастау үшін қайтарымсыз ақша алды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Өңірдегі 60 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланса, бүгінгі күнге дейін олардың 25 мыңнан астамы өздеріне жұмыс тапты. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен отырыста белгілі болды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен отбасының цифлық картасында Д және Е санаттағы отбасыларының санын төмендету мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Сала мамандары мен жауапты басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Өңір басшысы әлеуметтік мәселені ең алдымен өндіріс орындарын көбейту арқылы шешу керектігін айтты.
– Әлеуметтік жағдайы төмен, дағдарысқа ұшыраған отбасылардың мәселесін шешудің негізгі жолы – жаппай жұмыс орындарын ашу, өндірісті, кәсіпкерлікті дамыту. Отбасының цифрлық картасынан Д және Е санаттағы отбасыларының санын төмендету үшін жүйелі жұмыс атқару керек. Әлі де бұл жоспарды зерделеп, тиісті ұсыныс беріңіздер. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма осы бағытта кеңесіп, жұмысты жоспарлауы қажет, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2022 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Интеграцияланған отбасының цифрлық картасы (ОЦК) іске қосылды. Отбасының цифрлық картасы арқылы елдің әл-ауқаты, жағдайы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған 5 критерий негізінде автоматты түрде айқындалады. Отбасының цифрлық картасындағы деректер күнделікті өзектендіріліп тұрады. Онда тұрғындардың экономикалық жағдайы, отбасылардың табысы, баспанаға мұқтаждығы, денсаулығы, әлеуметтік жағдайлары, білімі туралы мәліметтер енгізіледі.
«Үкімет тарапынан Д және Е санатындағы отбасылар санын төмендету, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру тапсырылған. Осыған байланысты арнайы алгоритм дайындалып, ұсынылуда. Биыл ақпан айында барлық аудан, қалада ОЦК-да кедейлік және жұмыссыздық денгейлерін анықтау бойынша деректерді өзектендіру үшін жұмысшы топтары құрылған. Жұмысшы топтардың құрамына аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары, мемлекеттік кірістер басқармасы, ішкі істер бөлімдері, бақылау жөніндегі басқармасы, денсаулық, білім бөлімдері, ветеринария қызметі, халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Мансап орталығының» мамандары кірген. Осы құрылған топтармен Д және Е санатындағы отбасылар санын төмендету жұмыстары жүргізілуі тиіс», — деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәжілісте Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты орынбасары Бейсенбай Тәжібаевқа әлеуметтік салаға қатысты тапсырмалар берді. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру, жоғарыда аталған санаттардағы азаматтар санын төмендету, жұмыспен қамту шараларын күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
«Бүгінгі таңда облыста келесі жұмыспен қамту шаралары іске асырылуда. Атап айтқанда, 2024 жылғы жоспарға сәйкес судсидияланған жұмыс орындарына орналасуына 31 208 адамға 34 514,4 млн. теңге бөлініп, билығы 6 айда 23 475 адам жұмысқа тартылып, 9 650,8 млн. теңгесі игерілді. «Ауыл – ел аманаты» жобасы арқылы 4 803 адамға 1 млрд. теңге қаралып, шағын несие беру жоспарлануда. Жастарға жеңілдетілген шағын несие беру бойынша 621 жасқа 3 105,0 млн. теңге бөлу жоспарланған. Кәсіптік оқыту және «Бастау бизнес» жобалары арқылы нақты 4 274 адам оқып, сертификаттар алды. Сонымен қатар тұрақты және уақытша орындарына орналастыруға 69 516 адам жоспарланып, алты айда 25 143 адам орналастырылды. 1 793 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант ұсынуға 2 585,5 млн. теңге қаржы қаралып, оның 1 293,7 млн. теңгесі 893 адамға берілді», — делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі берген жауапта.