Түркістан облысында 600-ден аса адам Ұлттық қордан тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім ақысын төлеуге қаржы алуға өтінім берген, деп хабарлайды Todayinfo тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жыл сайын ұлттық қордың инвестициялардан түскен табысының 50 пайызы кәмелеттік жасқа (18 жас) толмаған балалардың жинақтау шоттарына аударылады. Биылғы ақпан айынан бастап қазақстандықтар алғашқы төлемдерін ала бастады. Қор қаржысы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, сондай-ақ балалардың білім ақысын төлеуге бағытталады. Қазақстандықтар қаржыны алу үшін нысаналы жинақтарды пайдалану бойынша уәкілетті оператор ретінде тіркелген банктерге өтініш беруі қажет.
Айта кетсек, тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған нысаналы жинақтарды пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор ретінде «Отбасы банкі» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ белгіленген, ал білім алуға арналған нысаналы жинақтарды 2 уәкілетті оператор – «Отбасы банкі» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы пайдалануға болады.
Сондай-ақ, жалпы «Ұлттық қор – балаларға» жобасының операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры белгіленді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметіне сүйенсек, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асырудың жеті айында, яғни 2024 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша зейнетақы қоры жалпы көлемі 1,7 миллион АҚШ долларына 16 мың 891 өтінімді қарап, орындады. Яғни, белгіленген қаражат өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударылды.
— 956,7 мың АҚШ долларына жуық көлемде 9 мың 544 өтініш тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында, ал білім беру ақысын төлеу үшін 736,9 мың АҚШ долларына жуық сомаға 7 мың 347 өтініш қанағаттандырылды. Нысаналы жинақтарды алатын азамат барлық ақшаны немесе оның белгілі бір бөлігін пайдалана алады, ал пайдаланылмаған қаржының қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады, – делінген БЖЗҚ хабарламасында.
Түркістан облысы білім басқармасының хабарлауынша, өңірде 18 жасқа дейінгі балалардың саны – 964 мың 676 адам. Ал, биыл кәмелеттік жасқа толатын 41 мың 841 бала бар.
Бұл ретте БЖЗҚ-ға Түркістан облысынан Ұлттық қордың қаржысын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға 608 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 485 баланың банктік шотына жалпы көлемі 48 мың 474,05 АҚШ доллары аударылды. Ал, қаржыны білім алу үшін пайдалануға Түркістан облысының 453 тұрғынынан өтінім келіп түссе, оның ішінде 296 баланың банктік шотына 29 мың 592,13 АҚШ доллары көлемінде ақша аударылды.
Бұған қоса, БЖЗҚ қазақстандықтардың Ұлттық қор қаржысын нысаналы мақсатта пайдалуға қатысты ең көп өтінім жинаған бағыттарды атады.
-
- Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында қаражатты пайдаланудың ең танымал қосымша бағыттары: тұрғын үй құрылыс жинақ салымындағы ақшасын толықтыру үшін 921,2 мың АҚШ долларына жуық көлемде 9 мың 189 өтініш келіп түскен, ал меншікке тұрғын үй сатып алу мақсатында 11,5 мың АҚШ долларынан астам ақшаға 115 өтініш түскен. Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін 9,9 мың АҚШ доллары сомасына 99 өтініш орындалды.
- Білім беру ақысын төлеу аясында ең танымал қосымша бағыттар: Қазақстан аумағында орналасқан білім беру мекемелерінің білім беру қызметіне белгілі бір бөлікпен (әрбір академиялық оқу кезеңі немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір уақытта барлық оқу мерзімі үшін ақы төлеу мақсатында 590,1 мың АҚШ долларынан астам көлемдегі қаржыны алуға 5 мың 884 өтініш орындалды. Сонымен бірге, келісімшарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру үшін 108,2 мың АҚШ долларына жуық сомаға 1 мың 78 өтініш келіп түскен, шетелдік білім беру мекемелерінің білім беру қызметтеріне белгілі бір бөлікпен (әрбір академиялық оқу кезеңі немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бірреттік жалпы оқу мерзімі үшін ақы төлеу мақсатында 30,1 мың АҚШ долларынан астам қаржыны алуға 301 өтініш қанағаттандырылды.
Республика бойынша бағдарламаға қатысатын қазақстандықтардың жалпы саны – 6 млн 919 мың 131 бала. Оның ішінде 304 мың 815 бала биыл 18 жасқа толады. Олардың бәріне 100 АҚШ доллары 52 цент көлемінде бірдей нысаналы қаржы мөлшері есептелген.
Баланың бағдарламаға қатысушылар тізіміне қосылғаны жөніндегі мәліметті олардың ата-аналары немесе басқа да заңды өкілдері kids.enpf.kz сайты арқылы баланың ЖСН нөмірі арқылы тексере алады. Сондай-ақ, портал арқылы «Ұлттық қор – балаларға» жобасының шарттарымен танысып, қажетті нұсқаулық алуға, бұған қоса мазалаған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік бар.
Сонымен бірге, әр балаға есептелген қаражат туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинет арқылы да тексеруге болады. Ал, биыл 18 жасқа толатын қазақстандықтар өз жинақтау шотына түскен қаржысын БЖЗҚ-ның интернет ресурсындағы Жеке кабинеті немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өз бетінше бақылай алады алады.