Түркістан облысында «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау» күніне орай кең ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясы аясында Жетісай ауданында маңызы зор сенбілік өтті. Бұл шара – қоршаған ортаны қорғау арқылы туған жерге деген сүйіспеншілікті, нағыз патриотизм мен елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетеді.
Қала, кент және барлық ауылдық округтер тұрғындары, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен ерікті жастар бірігіп, 2 мыңға жуық адам мен 23 техника қатысқан сенбілік барысында аудан аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Әр мекеме өзіне бекітілген учаскеде қоқыстарды жинап, қураған шөптерді шапты. Жұмыстың нәтижесінде 30 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар сыртқа шығарылды.
Туған жерге қамқорлық – нағыз отансүйгіш азаматтың қасиеті. Патриотизм – тек ұран емес, ол – ел үшін нақты іс жасау, жерді аялап, табиғатты қорғаудан басталады.
Тазалық – рухани тәрбие мен жауапкершіліктің айнасы. Қоршаған ортаны аялау арқылы біз тек табиғатты емес, ұрпақтың болашағын қорғаймыз. Бұл – саналы қоғамның, бірлік пен татулықты ту еткен халықтың болмысын танытатын іс.
Осындай мазмұнды іс-шара Сауран ауданында да жалғасын тапты. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сенбілік жұмыстарының барысымен танысып, қатысушыларға алғыс білдірді. Бұл жолғы сенбілікке 400-ге жуық адам атсалысып, ауыл көшелері мен қоғамдық аумақтар тазартылды. 12 арнайы техника жұмылдырылып, 60 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Ағаштар әктеліп, түптері суғарылды.
Сондай-ақ, Шорнақ–Бабайқорған бағытындағы ұзындығы 20 шақырым болатын жол бойы тазартылып, қоқыстар мен үйінділерден аршылды. Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындар өміріне қолайлы орта қалыптастыруға үлес қосты.
Осындай игі істер – елін сүйетін, жерін қадірлейтін ұрпақтың қолынан ғана келеді. Әрбір тазаланған көше, әр отырғызылған ағаш – ел болашағына қосылған үлес екенін айта кеткен жөн.