Үндістанның Кашмир аймағындағы Байсаран аңғарында қарулы адамдар туристерге оқ жаудырды, деп хабарлайды Todayinfo.
Шабуылдан 27 адам қаза тапқан, тағы 12 адам жараланған.
News18 India телеарнасы таратқан мәліметке сәйкес, шабуыл «Лашкар-е-Тайба» лаңкестік ұйымымен байланысты қарулы топ тарапынан ұйымдастырылған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлығы – Үндістан азаматтары.
Куәгерлердің айтуынша, әскери киім киген екі адам оқиға орнында атпен жүрген. Олар серуендеп жүрген туристерге оқ жаудырып, шабуыл жасаған. Қанды оқиға орман мен көлдерімен әйгілі Байсаран аңғарында болған.
Жергілікті дәрігерлер жараланғандардың жағдайы тұрақты екенін хабарлады. Қауіпсіздік күштері оқиға орнында тергеу жүргізіп жатыр.