Қазақстанда тұмау маусымымен қатар халық арасында «биылғы сырқат бұрынғыдан өзгеше, жаңа вирус пайда болды ма?» деген әңгімелер тарап жатыр. Бұл жөнінде Tengrinews.kz тілшісіне отбасылық дәрігер Елена Хегай түсініктеме берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
«Жаңа вирус емес – тұмау мен ковид»
Маманның айтуынша, бұрын ауыр өтетін жалғыз вирус тұмау саналса, қазір оған коронавирус қосылды. Ковидтің тұмаудан айырмашылығы – ол маусымға тәуелді емес, жыл бойы таралуы мүмкін.
«Температура, тамақтың ауыруы және дененің сырқырауы – соңғы штаммның басты белгілері. Оны жазда да байқадық. Көп жағдайда бұл ковид болатын», – дейді Елена Хегай.
Ол штаммдардың жыл сайын өзгеретінін атап өтті. Сол себепті бізге жаңа вирус шыққандай көрінеді, бірақ негізінен бұл – тұмау мен коронавирус.
Қалай анықтауға болады?
Дәрігердің айтуынша, науқаста қай вирустың барын өз бетінше анықтау мүмкін емес. Мұны тек тест пен зертханалық талдау көрсетеді. Қазақстанда мұндай тексеру тек ауыр жағдайларда жүргізіледі, ал қалғанына «ЖРВИ» деген жалпы диагноз қойылады.
Вакцинация
-
Гриппке қарсы екпе биыл әдеттегіден кешірек, 1 қазаннан басталады.
-
Ковидке қарсы вакцина Қазақстанда 2024 жылдан бері жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі бұған себеп ретінде «эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын» және халық тарапынан сұраныстың болмауын алға тартқан. Егер жаңа өршулер болса, QazVac қолданылмақ.
«Алдын ала қорқудың қажеті жоқ. Егер шынымен жаңа вирус пайда болса, оны эпидемиологиялық қызмет ресми түрде хабарлайды. Ал қауесетке сенудің пайдасы жоқ», – деді дәрігер.