2025 жылдың 6 шілдесі, жексенбі – елімізде Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Бұл мереке шілде айының алғашқы жексенбісінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ұлттық Домбыра күні – тек бір музыкалық аспапты дәріптеу ғана емес, қазақ халқының рухани жады мен тарихи тамырына құрмет көрсету күні.
Домбыра – ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық мәдениеттің киелі символы. Оның үні – дала философиясы мен жыраулар шежіресінің жаңғырығы. Қазақ халқы үшін домбыра тек музыка құралы емес, тәрбие мен танымның тілі, халық даналығының үні. Ол ұрпақ бойына саз арқылы сұлулық пен мінез сіңірудің бір жолы саналады.
Бүгінде домбыра ұлттық брендке айналып, халықаралық деңгейде танылып отыр. Қазақтың күй мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілсе, көптеген күйлер мен туындылар шетел сахналарында орындалып келеді. Бұл – қазақ руханиятының жаһандық деңгейде мойындалуының жарқын көрінісі.
Мереке аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі концерттік бағдарламалар, күй шеберлерінің өнер көрсетуі, домбыра фестивальдері және музыкалық-мәдени шаралар өтуде. Ұлттық домбыра күні – әр азаматтың тамырына үңіліп, ұлттық болмысын түйсінетін, жүрекпен естіп, сезінетін ерекше күн.
Мамандардың айтуынша, әр қазақ баласының домбыра үнін тыңдауы – тарихпен үнсіз тілдесуімен тең. Бұл аспап – өшпес рухтың, бабадан қалған аманаттың символы.