Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері Маңғыстау облысында үш Қазақстан азаматын қамауға алды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі Tengrinews-ге сілтеме жасап.
ҰҚК және Шекара қызметі департаменттері Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен есірткі заттарын жеткізудің халықаралық арнасының жолын кесті.
«Есірткі заттарын сату кезінде үш Қазақстан азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Заңсыз айналымнан 600-ден астам метадон таблеткасы және 300 грамм апиын тәркіленді», – делінген хабарламада.
Оңтүстіктен есірткі жеткізу арнасы жабылды. Бұған дейін, қараша айында ҰҚК департаментінің күшімен Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен оңтүстік өңірлерден есірткі заттарын жеткізудің ішкі арнасы да жойылған болатын. Ол кезде 300 келіден астам каннабис тобындағы есірткі тәркіленген.
Жоғарыда аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.