Әр жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде миллиондаған қаражатқа түрлі зауыттар салынып, оларды ашу салтанатты түрде өткізілгенімен, біразы жұмысын бастамай жатып тоқтап қалған. Бірақ, олардың кейбірі кейіннен қайта жанданып, іске қосылған.
Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
1. Қарағандыдағы «ҚазАвиаСпектр» ұшақ құрастыру зауыты
2011 жылы ашылған «ҚазАвиаСпектр» зауыты жылына 36 ұшақ шығарады деп жоспарланған еді. Алайда, жоба іске аспай, ресейлік серіктестің міндеттемелерін орындамауы мен техникалық қателіктер салдарынан зауыт бірде-бір әуе кемесін жасамай жатып жабылды.
2016 жылы зауыттың жаңа қожайыны пайда болды деген ақпарат тарады, бірақ ол әлі күнге дейін қаңырап бос тұр.
2. Шымкенттегі қоқыс өңдеу зауыты
2011 жылы құрылысы басталған Шымкенттегі тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауыты 2014 жылы іске қосылғанымен, бірнеше айдан кейін жұмысын тоқтатты. Жобаға 1 миллиард теңге жұмсалғанына қарамастан, өндіріс тұрақты жұмыс істей алмады.
2017 жылы зауытқа «МПЗ Green Line» ЖШС иелік етіп, жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, бүгінде ол қайта іске қосылмаған.
3. Ақтаудағы «Аққу» планшет шығару зауыты
2011 жылы Қазақстандық «Аққу» планшеттерін жасау жобасы аясында 800 миллион теңге инвестиция салынған. Жылына 67 мың планшет, 40 мың теледидар және 43 мың монитор шығару көзделгенімен, өндіріс іске қосылмай жатып шығынға ұшырады.
2019 жылы зауыт WestEcoPlast компаниясына сатылып, қазіргі таңда онда жұмсақ қаптамалар өндірісі жүргізіліп жатыр.
4. Tecata маркалы компьютер құрастыру зауыты
2008 жылы Алматыда Tecata маркалы компьютер құрастыру зауыты салынбақ болған. Жобаның құны 450 миллион долларға бағаланған. Алайда, қаржыландыру тапшылығы мен құрылыс сапасының төмендігі салдарынан жоба 2009 жылы тоқтап қалды.
2022 жылы бұл ғимарат жеке инвесторға беріліп, бүгінде деректерді өңдеу орталығын құру бойынша келіссөздер жүргізілуде.
5. «Бисекеш» ешкі сүтін өңдеу зауыты
Батыс Қазақстан облысында «Бисекеш» ешкі сүтін өңдейтін зауыт 2010 жылы 400 миллион теңгеге салынғанымен, іске қосылмай қалған.
2018 жылы ферма іске қосылып, бүгінде 100-ден астам ешкі бар. Бірақ, өндірістің толық қуатында жұмыс істеуі үшін қосымша инвестиция қажет.
6. БҚО-дағы тері өңдеу зауыты
2017 жылы іске қосылған тері өңдеу зауыты жылына 182 мың ірі қара мен 624 мың ұсақ малдың терісін өңдеуге қауқарлы болуы тиіс еді. Бірақ, шикізат тапшылығы мен өнім сапасының төмендігіне байланысты кәсіпорын жұмысы тоқтап қалды.
Қайта жанданған жобалар
BIOHIM биоэтанол зауыты (СҚО)
2006 жылы 90 миллион долларлық инвестициямен BIOHIM биоэтанол зауыты ашылып, ТМД-дағы ең ірі кәсіпорынға айналуы тиіс еді. Алайда, экспорттағы қиындықтар мен экономикалық дағдарыс салдарынан зауыт 8 жыл бойы бос тұрды.
2016 жылы жаңа инвестор – Bio Operations компаниясы кәсіпорынды өз қарамағына алып, 2018 жылы өндірісті қайта іске қосты. Қазіргі таңда зауыт тұрақты жұмыс істеп тұр.
Қызылордадағы шыны зауыты
Қызылордадағы шыны зауыты құрылысы 7 жылға созылып, 2022 жылы ғана іске қосылды. Бүгінде зауыт өнімдері Қазақстан ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан нарықтарына да экспортталуда.
PS
Бірнеше миллиард теңге жұмсалған зауыттардың басым бөлігі құрдымға кеткенімен, кейбір жобалар жаңа инвесторлардың қолдауымен қайта жанданып, іске қосылды. BIOHIM биоэтанол зауыты мен Қызылордадағы шыны зауыты солардың қатарына жатады. Дегенмен, еліміздегі басқа да тоқтап тұрған кәсіпорындарды жандандыру үшін қосымша инвестициялар мен тиімді басқару қажет.