2025 жылғы 23 сәуірде Түркияның Ыстамбұл қаласында болған жер сілкінісінен кейін қатты қорыққан Өзбекстан азаматы жүрек жетіспеушілігі салдарынан көз жұмды,деп хабарлайды Todayinfo.
Бұл туралы Өзбекстанның Түркиядағы бас консулдығы ресми Telegram арнасында хабарлады.
Консулдық мәліметінше, марқұм зілзаланың тіркелген сәтінде көпқабатты үйдің жоғарғы қабатында болған. Жер сілкінісінен кейін туындаған қатты үрей оның денсаулығына әсер етіп, жүрек қызметінің тоқтауына алып келгені айтылды.
Өзбекстанның Ыстамбұлдағы бас консулдығы марқұмның денесін отанына жөнелту үшін қажетті консулдық, құқықтық және ұйымдастырушылық шараларды қолға алғанын мәлімдеді. Қайтыс болған азаматтың туыстарына тиісті көмек көрсету де назарда екені атап өтілді.
Айта кетейік, сәрсенбі күні Ыстамбұл қаласының маңында магнитудасы 6,2-ге тең жер сілкінісі тіркелген болатын. Түрік билігінің мәліметінше, табиғи апаттан 151 адам әртүрлі жарақат алып, тәулік ішінде 180-нен астам афтершок болған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, зілзала кезінде бірқатар үйлер мен ғимараттарда жарықтар пайда болған, тұрғындар үйлерінен жедел эвакуацияланған.