Бүгін Жаңа жыл қарсаңында Жетісу облысында өңірдегі полиция органдарына қызметтік 40 автокөлік берілді. Талдықорған қаласындағы «Жастар» Спорт сарайының маңындағы алаңқайда жаңа автөліктердің кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, — деп хабарлайды Todayinfo.
Салтанатты шарада облыс әкімі тәртіп сақшыларын Жаңа жылмен құттықтап, күрделі де жауапты жұмыстарына сәттілік тіледі:
— Өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен қоғамдық тәртіптің сақталуына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен елдің тыныштығын қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Қазіргі жаңа реформаларға негіз болып отырған заңның үстемдігін орнықтыру, әділдік пен ашықтыққа жол ашу міндеттерін іске асыруда сіздерге артылар жауапкершілік жүгі үлкен. Сондықтан сіздердің уақытпен санаспай, күні-түн демей, күрделі де жауапты жұмысты адал атқарған еңбектеріңізді әрдайым бағалаймыз және алғыс айтамыз. Осы орайда алаңсыз жұмыс істеулеріңізге қолайлы жағдай жасау – Мемлекет басшысының алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте бүгінгі игі шара сіздердің өз міндеттеріңізді лайықты атқаруға, жұмыстарыңыздың сапасы мен тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді деп сенемін, — деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, осы күні жалпы саны 40 автокөлік, яғни облыстық полиция депатраментінің әрбір ауддандық, қалалық бөлімшелеріне 4 қызметтік автокөліктен берілді. Атап айтқанда, учаскелік полиция инспекторларына, патрульдік полицияға «Cjhevrolet Cobalt», табиғатты қорғау бөлімшелеріне «Wingle 7», кезекші бөлімдерге «ГАЗ Соболь» маркалы автокөліктері, сол сияқты Панфилов аудандық бөліміне қосымша тағы бір көлік — «JAC Sungar» берілді.
Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сарқытбай Құсаинов сөз алып, ішкі істер органдарына жасалып отырған қолдаулар үшін алғысын білдірді:
— Күнделікті көшеде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті тәртіптің сақталуын бақылау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осы орайда біздің бөлімшелерді материалдық және техникалық жабдықтауға үлкен қолдау көрсетіп отырғандарыңызға алғыс айтамыз, — деді ол.
Жалпы облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2022 жылы жергілікті бюджеттен 26 автокөлік сатып алынып берілген болатын. Оған қоса бүгінге дейін облыста 34 бекетте, соның ішінде «Алматы – Өскемен» автожолына және Талдықорған қаласының жолдарына жалпы саны 240-қа жуық «Сергек» «Vidar», «Зерек» бейнекамералары орнатылды. Түрлі үлгідегі 8 мобильді кешен сатып алынып, ішкі істер органдарының қызметтік авткөліктеріне орнатылды. Олардың заң бұзушылықтарды анықтауда едәуір ықпалы бар екеніне тәжірибе жүзінде көз жеткізілгендіктен, алдағы жылы осындай тағы 20 мобильді кешен сатып алуға 445 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр.
Фото: Жеңіс Ысқабай