Қарғанды облысындағы Ленин кионтеатры ойлы жастардың бас қосатын орталығына айналады. Кезінде заңсыз жекеге өтіп кеткен кинотеатр мемлекет меншігіне толық қайтарылған. Енді ол Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасымен жастар үйіне айналмақ, деп хабарлайды Todayinfo.
Облыс әкімінің төрағалығымен жастар ісі жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті.
Шараның басты мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын іске асыру тетіктерін жетілдіру, өзекті мәселелерді шешу. Жиында сөз алған Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айсулу Ерниязова жастардың бойындағы жасампаздық әлеуетін арттыруға жағдай жасалуы керектігін баса айтты. Ол, сондай-ақ жастар арасында патерналистік және қамқоршылық көңіл-күйді төмендетіп, өз бетінше шешім қабылдай алатын, жауапкершілікті сезінетін қоғамның белсенді мүшесін қалыптастыруды жұмыстың алғышарты ретінде атап өтті.
Басқосуда жастар саясатын дамытуға арналған стратегиялық жоспар ұсынылып, институционалды шаралар қарастырылды.
«Бағдарламада жастармен бұрын іске қосылмаған жобаларды күшейтуге және іске асыруға баса назар аударылатын болады. Ол үшін білім беру мекемелерін, билік органдарын, бизнес-қоғамдастықты және, әрине, жастардың өзін қоса алғанда, түрлі мүдделі тараптар арасында тиімді коммуникация орнату қажет. Жастардың өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуі және оның дамуына белсене қатысуға дайын болуы үшін сенім, ашықтық және өзара құрмет атмосферасын құру маңызды», — деп атап өтті Айсұлу Ерниязова.
Жаңа стратегия жастар саясатын дамытуға арналған жобаларды бір жүйеге келтіріп, негізгі төрт бағытты қамтиды: «MEYIRIMDI SARYARQA», «SALAUATTY SARYARQA», «BILIMDI SARYARQA», «BELSENDI SARYARQA». Бұл жобалардың басты мақсаты – жастардың әл-ауқатын арттырып, қоғам өміріндегі белсенділігін күшейту.
Сонымен қатар, жастардың басын қосып, олардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған комьюнити-орталық – Жастар үйін ашу мәселесі көтерілді. Осыған байланысты мемлекет меншігіне қайтарылған Ленин атындағы кинотеатрды жастар қауымдастығын құру мақсатында пайдалану туралы ұсыныс айтылды. Заңсыз иеленген актив облыс прокуратурасының арқасында мемлекет меншігіне қайтарылған.
«Жастар мәселесіне жаңаша көзқарас керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мемлекеттік саясатты ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жаңа заман адамдарына бейімдеу керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сондықтан мемлекеттік саясат жаңа дәуірдің адамдарына бейімделуі тиіс. Ол үшін бізге мобильді, білімді және шығармашыл жастармен жұмыс істеу әдістерін өзгерту қажет», — деді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс басшысының тапсырмасы бойынша бұдан былай қала мен аудан әкімдері жастар саясатын дамытуға белсенді атсалысу үшін арнайы KPI (яғни, жұмыстың қаншалықты нәтижелі орындалғанын өлшейтін көрсеткіш) енгізіледі.
Сонымен қатар, Ермағанбет Бөлекпаев Ленин атындағы кинотеатр ғимаратында Облыстық жастар үйін ашу ұсынысын қолдады. Облыс әкімінің айтуынша, комьюнити-орталық – жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттыратын, сонымен бірге, белсенді және жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыратын болашаққа салынған инвестиция.
Ең бастысы – қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, жастармен жұмыс істеу тәсілдерін өзгерту. Барлық іс-шараларды мұқият ұйымдастыру қажет, олар елеулі нәтижелер беріп, жастарға пайда әкелуі тиіс. Қазіргі жастар жай ұрандар мен бос сөздерді көтере алмайды.
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі