Елімізде соңғы уақытта блогерлердің лотерея мен ұтыс ойындары арқылы табыс табуы жиіленіп, олардың кейбірі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Бұл туралы Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті хабарлады, деп жазады Todayinfo.
Комитеттің мәліметінше, 2024 жылы заңсыз лотерея ұйымдастырған 83 адамға шара қолданылған.
Тізімде елге танымал бірнеше тұлға да бар.
Мысалы, блогер Дархан Жолшыбек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 100 АЕК (393 200 теңге) көлемінде айыппұл төлеген.
Сол сияқты, блогер Мереке Қалбаева да заңсыз ұтыс өткізгені үшін 589 800 теңге айыппұл арқалады.
Ал блогер Нұрбек Нұртазаға 300 АЕК (1 179 600 теңге) көлемінде айыппұл салынған.
Комитеттің жариялаған тізімінде актер Рамазан Амантай да бар. Ол да 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелген.
Бұдан бөлек, актриса Мөлдір Мұқанова да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол да 445-1-баптың 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 589 800 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Мамандардың айтуынша, заңсыз лотерея мен ұтыс ойындарын ұйымдастыру — ойын бизнесі туралы заңнаманы бұзу болып саналады, сондықтан мұндай әрекеттерге тосқауыл қойылады.
Фото: Freepik

