Шымкенттік қария Қарағанды бағытында 10 сағат жаяу жүрген. Зейнеткердің жол ақысын төлеуге мүлдем қаражаты болмаған, деп хабарлайды Todayinfo.
Жол бойында шаршап-шалдығып келе жатқан қарияны кездейсоқ жолаушы байқап қалып, жағдайын сұрап тоқтаған. Белгілі болғандай, қарт адамның көлікке отыруға мүмкіндігі болмаған – есепшоттары бұғатталып, зейнетақысын да ала алмай жүрген.
Қария жол жиегімен жалғыз өзі жаяу жүріп келе жатқан. Оның жағдайын алғаш болып байқаған – Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов. Ол көлігін тоқтатып, қарияның не себепті ұзақ жолға жалғыз шыққанын сұрайды.
Белгілі болғандай, зейнеткердің есепшоттары микрокредит ұйымдарына қарызы үшін бұғатталған. Ал зейнетақысы – белгісіз біреулердің иелігінде. Ақшадан айырылып, көмек сұрайтын ешкімі болмағандықтан, ол Шымкенттен Қарағандыға дейінгі ұзақ жолға жаяу шығуға мәжбүр болған.
«Мұндай жастағы адамның жалғыз, шарасыз, ақшасыз жүргенін көру жүрекке ауыр тиеді. Адамдар жайдан-жай жолықпайды, кейде олар сіздің өміріңізді өзгертеді, кейде сіз олардың өмірін өзгертесіз», — деп жазды Нұржан Махамбетов.
Ол зейнеткерге көмек қолын созып, есепшоттарын қайта қалпына келтіруге ықпал еткен.