Жаңа жылдан кейін Зеренді аудандық ауруханасына 39 магнит моншағын жұтып қойған төрт жасар бала жеткізілді. Баланың іші қатты ауырып, құсуы ата-ананы алаңдатқан соң рентген арқылы ішекке бөгде заттың түскені анықталды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Ата-ананың кешігуі жағдайды қиындатқан
Анасының айтуынша, 31 желтоқсанда ұлының аузынан бірнеше магнит тауып алған. Сол кезде бұл мәселенің шешілгеніне сенген. Бірақ бала қайта құсқан кезде ата-анасы оны улану деп ойлап, дәрігерге тек жаңа жылдан кейін ғана жүгінген.
Хирургтар 4,5 сағат күрделі операция жасаған
Балалар хирургі Сәлімжан Жақыповтың айтуынша, жағдай өте ауыр болған. Бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, шұғыл түрде операция жасалды.
«Тоқ ішек пен аш ішектегі бөгде заттар үш күн ішінде ішекті тесіп, перитонитке әкелген. Ота бөлімше меңгерушісі Ернар Қожабековтың жетекшілігімен, лапароскопиялық құралдар мен мониторды пайдалану арқылы 4,5 сағатқа созылды. Бұл уақыт ішінде 39 магнит шар алынды. Зақымданған ішектің жараларын тігуге тура келді», – дейді хирург.
Балалар арасындағы қауіпті оқиғалар жиілеген
Дәрігердің айтуынша, бұл – соңғы жарты жылда Зерендіде тіркелген үшінші жағдай. Бұған дейін 12 және 24 магнит жұтып қойған балалардың оқиғалары болған.
Ата-аналарға ескерту
Мамандар балалардың денсаулығына қауіпті ойыншықтарды қадағалап, күтпеген жағдайда дәрігерлерге дереу жүгінуге кеңес береді.