Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, елді мекендерге әліде қауіп төніп тұр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 17 сәуір күнгі сағат 08:00-дегі мәліметінше, Бәйтерек ауданы Январцев ауылындағы гидробекетте су деңгейі бір тәулікте 16 сантиметрге көтеріліп, 818 сантиметрге (қауіпті шегі – 1 250 см) жеткен.
Сондай-ақ Жайықтың деңгейі Орал қаласы тұсында 779 (тәуліктік өсім – 3 см, қауіпті шегі – 850 см), Көшімде 778 (+13, 850 см), Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында 478 (+7, 850 см) сантиметрді көрсетті. Бәйтерек ауданы Көшім каналында су деңгейі бір тәулікте 13 сантиметрге (834 см) жоғарылап, қауіпті шектен (800 см) асып кетті.
Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың айтуынша, Жайық өзені бойында орналасқан 20 елді мекенде 22 мыңдай адам тұрады.
«З сәуірден бастап су тасқынының екінші кезеңіне дайындық қызу жүргізілуде. Аталған елді мекендерді судан аман алып қалу үшін бөгеттер тұрғызуға 3 мыңға жуық адам, 250 арнайы техника жұмылдырылды. Бұлардың ішінде Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан келген техника да бар. Үлкен су келген жағдайда адамдарды көшіру үшін әр ауылдық округтің мектебінде эвакуациялық пунктер алдын ала әзірленді. Январцев ауылдық округінің өзінде 5 елді мекен бар. Мұндағы тұрғындарды «Жайықмұнай» компаниясы қабылдауға дайын», — деді Марат Тоқжанов.