Жамбыл облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгін Тараз қаласындағы «Мамыр саябағы», «Айша бибі» мен «Қарахан» кесенелерінің аумағында және аудан орталықтары мен елді мекендерде 30-ға тарта тазалық іс-шаралары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Іс-шараға 2 мыңға жуық адам қатысты.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов тазалық акциясы жаңа экологиялық ойлау мен азаматтарымыздың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыруға бағытталғанын айтады.
«Өңірімізде акция аясында жыл басынан бері 357 елді мекенде (о.і. 4 қала) 350 шақырым канал, 48 мың тұрғын үй аулалары мен 1,3 мың шақырым көшелер тазартылып, 2,8 мың тонна қоқыс шығарылды. Бұдан бөлек 130 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды. Сонымен қатар, мәдени-тарихи ескерткіштерді ретке келтіріп, аумағын тазалау жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Өркениетті елдің басты сипатының бірі – тазалық пен тәртіп. Сондықтан «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс» — деп атап өткен еді.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады», — деді ол.
Сондай-ақ, экологиялық акцияның шеңберінде «Таза аула – таза қала» атты экологиялық байқаулары, «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі аула» конкурстары өткізіліп, жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетіледі.
«Болашақ ұрпақтың дені сау болуын қаласақ қазірден экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Мұны әр адам өзінен бастағаны жөн. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» дейді халық даналығы. Табиғатты қорғап, болашақ ұрпаққа қалдыру біздің парызымыз»,- деді Серік Сәлемов.
Ол қоғам өміріне бейжай қарамайтын отандастарды «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысатынына сенім білдірді.