Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
Жамбыл облысында биыл әлеуметтік салаға 46,6 млрд теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есе көп (2024 жылы – 40,6 млрд теңге). Бұл туралы өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасын орындау аясында кәсіпкерлік бастамаларын қолдау нәтижесінде 16,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Жоспарланған меже — 12,5 мың.
Өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша облыста 57,3 мың жұмыс орны құрылды, оның 40,4 мыңы — тұрақты. (Жоспар: 65,6 мың, соның ішінде тұрақты — 48,4 мың).
Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 42,8 мың адам тартылған, олардың қатарында 1,1 мың мүгедектігі бар азамат бар.
2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысына сай, облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Сол кезеңде өңірдегі орташа айлық жалақы 10,2 пайызға өсіп, 308,1 мың теңгеге жетті.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны да 29,5 пайызға азайған — 2024 жылғы 30,8 мың адамның орнына биыл 21,7 мың адам көмек алған.
Тараз қаласы мен аудандарда 11 отбасыларды қолдау орталығы ашылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған 826 отбасыға көмек көрсетілді.
Жыл соңына дейін бюджеттен тыс қаражат есебінен Тараз қаласында 200 орындық жаңа белсенді ұзақ өмір сүру орталығын іске қосу жоспарланып отыр.

