Фото: видео скриншот
Жамбыл облысында әскери қызметкер ант қабылдау рәсіміне орай ұйымдастырылған бас қосу кезінде бір көзінен айырылды. Әскери қызметкер басқалар секілді басына шыны бөтелке ұрып, сындырған. Алайда бұл әрекетінен соң әскери қызметкер аураханадан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға Жуалы ауданының таулы жаяу әскер полкінде жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі кезінде болды. Сарбаздарды көруге олардың туыстары мен жақындары келді. Солар үшін тәжірибелі әскери қызметкерлердің көрсетілімдері ұйымдастырылды. Шартты әскери қызметкерлер әртүрлі дағдыларын көрсетіп, басына шыны бөтелкені ұрып, сындырған. 24 жастағы Жақсылық Молдақұл соны қайталаймын деп бір көзінен айырылды. Әскери қызметкер дереу Тараздағы емханаға жеткізілді. Оның көзіне ота жасалды.
“Болған жағдайдан кейін біз оны дереу Тараздағы медициналық мекемеге жеткіздік. Қазір әскери қызметкер сол мекемеде ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы қанағаттанарлық. Қазір біз оқиғаның мән-жайын анықтап, қызметтік тергеу жүргізіп жатырмыз. Біз өз адамдарымызды ешқашан тастамаймыз”, – дейді таулы жаяу әскер полкының командирі Бауыржан Есалы.
Екінші көзге қатысты дәрігерлер әзірге ештеңе айта алмай отыр. Белгілі болғандай, әскери қызметкер бойдақ. Ол әскерде алты жыл қызмет етіп келеді, оның бесі келісімшарт бойынша.
Жақсылықтың айтуынша, бұрын мұндай трюкты бірнеше рет жасаған, бәрі сәтті аяқталған. Ал бұл жолы не болғанын өзі де байқамай қалған. Оның қазіргі бар арманы – көзінің көріп кетуі.

