Жамбыл облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл 25 млрд теңгеге 26 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметіндегі есеп беру жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Жыл басынан бері өңірде 3550 орынға арналған 7 мектеп пайдалануға берілді. Оның төртеуі – «Келешек мектептері» жобасы бойынша салынған (3200 орын). Жыл соңына дейін тағы 7 нысанның құрылысы аяқталады.
Жаңа мектептердің ашылуы нәтижесінде 1 үш ауысымда оқитын, 3 оқушы орны тапшы және 3 тозығы жеткен мектеп мәселесі шешілді. Жыл соңына дейін тағы 1 апатты, 3 орын тапшылығы бар және 3 тозығы жеткен мектептің проблемасы жойылады.
Өңірде 16 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізу үшін 11 млрд теңге бөлінді.
Облыстағы мектептер «Адал азамат» білім беру бағдарламасы аясында бірыңғай дизайн-кодқа көшуді бастады. Қазіргі уақытта 22 мектеп брендбук бойынша жаңартылып жатыр.
Жамбылдық оқушылар биыл да республикалық білім сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетуде. Өңір оқушылары 16 жыл қатарынан Республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Ең үздік команда» атанып, Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық команда» ретінде танылды.
Бұдан бөлек, ұлттық рух пен патриоттық сананы күшейту мақсатында жыл соңына дейін 320 орындық дарынды ұлдарға арналған алғашқы Әскери мектеп-интернаты ашылмақ.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында да жаңа серіктестік орнады. Ленинград облысындағы Сосновоборск политехникалық колледжі мен Жамбыл политехникалық колледжі арасында жасалған келісім аясында Қазақстанда салынып жатқан атом электр станциясына қажетті мамандар даярлау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен Тараз қаласында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледж студенттеріне арналған 120 орындық жатақхана құрылысы жүргізілуде («Рысбаева» ЖК). Одан бөлек, төрт колледжге зертханалық жабдықтар сатып алу үшін 46 млн теңге бөлінген («KNAUF», «Алина», «Мерагро» ЖШС).

