Жамбыл облысының жеке сот орындаушылары 2023 жылы алименттен жалтарып жүрген 27 548 баланың әкесінен 1 млрд теңгені құрайтын қарызды қайтарып алды. Ол үшін 19 589 атқарушылық құжат рәсімделген. Бұл туралы Жамбыл облысының прокуратурасы мәлім етті.
Прокурорлар 12 832 кәмелетке толмаған баланы асырауға жұмсалатын 300 млн теңгеден астам қарыздың өтелуіне атсалысты.
Облыс прокуратурасы ӘҚБтК-нің 669-бабы негізінде алимент бойынша 76 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ондағы берешек сомасы 25 миллион теңгеден астқан.
Мәлім болғандай, алимент бойынша 17 млн теңге берешегі бар 56 адам әкімшілік қамауға алынса, 8 млн теңге қарызы бар 20 әкеге әкімшілік айыппұл қолданылған.
«Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес 10 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Үш борышкерге қатысты сот үкімі шығарылды, 6 тараптың татуласуына және қарызды өтеуіне байланысты тоқтатылды. Екеуі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, ал қалған екеуі сотқа жіберілді» — делінген хабарламада.
Прокуратураның көмегімен 68 борышкер жұмысқа орналастырылған.