Түркістан облысында жаңа технологияның көмегі арқылы шаруалар жоғары өнім алуда. Тамшылатып суару технологиясын қолданған кәсіпкерлер өз өнімдерін нарыққа шығарып жатыр. Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстармен танысып, бірқатар маңызды нысандарды аралады. Оның ішінде жүгері және мақта шаруашылығын өркендету мақсатында іске асып жатқан жобаларға ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Алдымен Қарғалы ауыл округіне қарасты «Отырар-Дән» ЖШС-нің жүгері кептіру және сақтау кәсіпорнына барған аудвн басшысы өндірістік процестермен және шаруашылықтың жағдайымен танысты. Бұл кәсіпорын ауыл шаруашылығын дамытуға маңызды рөл атқарып отыр
Қазір мұнда заманауи технологиялар қолданылуда
«Отырар-Дән» ЖШС-нің төрағасы әкімге кәсіпорынның жалпы жұмысы туралы ақпарат беріп, оның келешектегі даму жоспарларымен бөлісті. Бұл жоба алғаш рет 2015 жылы қолға алынып, бүгінде өзінің тиімділігін дәлелдеген. Аталған кәсіпорын жылына 10 мың тонна жүгері дәнін кептіріп, сақтауға қабілетті. Мұндай қуаттылық өндірістің сапалы және үнемді болуын қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің ұзақ уақыт сақталуына мүмкіндік береді. Жүгері кептіретін құрал-жабдықтар Англиядан әкелінген болса, сақтау құрылғылары Қытайдан жеткізіліпті. Бұл бастама халықаралық серіктестіктер арқылы кәсіпорынның жұмысы тиімді технологиялық деңгейде болуына айрықша ықпал еткен. Мәселен, алдымен жүгері дәні собығынан бөлініп алынып, арнайы құрылғылардың көмегімен кептіріледі. Кейіннен қамбаларда ұзақ мерзімге сақтауға орналастырылады. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай процестер арқылы шаруашылық өз өнімдерінің сапасын жоғалтпай, нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алады.
Қазіргі таңда кәсіпорында екі ауысымда 30 адам тұрақты жұмыс істейді. Бұл – жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Кәсіпорын аудандағы еңбек нарығына әсер ете отырып жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес, ауданның экономикалық әлеуетіне де оң ықпалын тигізуде. Қазіргі уақытта қамбаға 180 тонна өнім жиналған. Маусымның әлі толық аяқталмағанын ескерсек, аталған өнім көлемі жақсы көрсеткіш болып табылады.
Мұнан соң аудан басшысы «Таймас-2024» ЖШС-нің су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы мақта өсіру жобасымен танысты. Мақта шаруашылығы Қазақстанның оңтүстік өңірлері үшін маңызды салалардың бірі болғандықтан, оның өнімділігі мен тиімділігі үлкен мәнге ие. Сондықтан да су үнемдеу технологияларын енгізу бұл салада жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік береді. «Таймас-2024» ЖШС осы озық технологияларды қолданып, мақта өсіруде тиімді нәтижелерге қол жеткізуді көздеп отыр.
Шаруашылық төрағасы тамшылатып суғару жүйесін шет елдерден арнайы алдырып, бұл технологияның артықшылықтарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жоба аясында 500 гектар жерге элиталық «Жинг Кай НО-9» мақта тұқымы егілген. Бұл тұқым жоғары өнімділігімен ерекшеленіп, су шығынын азайта отырып, мол өнім алуға мүмкіндік береді. Суғару жүйесінің артықшылығы – суды дәл қажетті жерге жеткізіп, оның артық шығындалуына жол бермеу. Қазақстанның су ресурстары шектеулі екенін ескерсек, мұндай әдістерді қолдану елдің аграрлық саласын одан әрі дамыту үшін аса маңызды.
Жоба аясында 20 адам жұмыспен қамтылған. Бұл да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер ететіні сөзсіз. Жергілікті халықтың еңбекпен қамтылуы арқылы аудан тұрғындарының әл-ауқатына оң әсерін беруде. Сонымен қатар су үнемдеу технологиясының көмегімен ауыл шаруашылығында су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға болады. Осылайша, «Таймас-2024» ЖШС мақта шаруашылығында жаңашылдық енгізіп, тиімді өндірісті жолға қойып отыр.
Аралау барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бұл жобалардың аудан экономикасы үшін үлкен маңызы бар екенін атап өтті. Су үнемдеу технологиясының ауыл шаруашылығында қолданылуы экологиялық тұрғыдан да тиімді, өйткені табиғи ресурстарды үнемдеу арқылы өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Сонымен қатар су ресурстарының тапшылығын ескере келе мұндай жобалар аудан шаруалары үшін аса маңызды рөл атқарып отыр, дейді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауыл шаруашылығы саласындағы жобалардың ауданның экономикалық өсіміне, халықтың әлеуметтік жағдайына және қоршаған ортаны қорғауға қосатын үлесін жоғары бағалап, шаруашылық басшыларына алдағы жұмыстарында сәттілік тіледі. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясының көмегімен су шығынын азайта отырып өнімділікті арттыруға болатынын айтып, жобаның аудан шаруалары үшін маңыздылығын атап өтті.