Енді банк картасын бөтен адамға бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Todayinfo.kz
«2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап елімізде жаңа заң күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген 232-1-бапқа сәйкес, өз атына рәсімделген банк картасы мен есепшотын үшінші тұлғаға берген азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
Полиция мұндай қылмысқа барғандар үшін өте қатаң жаза қолданылатынын, яғни, заңды бұзғандар 160 АЕК (629 120 теңге) айыппұл салынып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертеді.
«Болашағыңызды қауіпке тігіп, қылмысқа жол бермеңіз! Заңды сақтап, өзіңізді және отбасыңызды қорғаңыз. «Ақша оңай келеді» деген уәделердің артында алаяқтық тұрады. Дроппер – жай ғана құрал емес, ол қылмыскердің серігі», – деп ескертеді ІІМ.
Айта кетейік, биыл маусымда Мәжіліс «ҚР Қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын толық қабылдады. Заң дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейді.
Жаңа заңға сәйкес, енді дропперлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айта кетейік, дроппер деген – алаяқтар ұрланған немесе заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланатын адам. Дроппер – банк карталары соның атына рәсімделетін, ақша аударылатын және қолма-қол алынатын жалған тұлға.
Қолданыстағы заңнамада дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға құқықтық негіз жоқ. Сондықтан қазір дропперлер тек куәгер ретінде қарастырылады. Тек қасақана ниеті дәлелденген жағдайда алаяқтыққа сыбайлас ретінде тартылады.
Ресми құқықтық статистикаға сәйкес, тек 2024 жылы ақшаны жылыстатуға пайдаланылған 6 200 дроп-карта анықталған. Солар арқылы қылмыскерлер жалпы сомасы 24 миллиард теңге болатын ұрланған және алдау жолымен алынған қаражатты заңдастырған.
Фото: pixabay