Алматы қаласы №7 Қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирургтері жасанды интеллект технологияларының көмегімен ишемиялық инсульті бар 77 жастағы науқасқа сәтті ота жасады, деп хабарлайды Todayinfo.
Қарт ер адам аурухананың қабылдау бөлімшесіне инсульттың айқын клиникалық белгілерімен – сол жақ салдану, сөйлеудің бұзылуы және бет бұлшық еттерінің шала салдануымен шұғыл түрде жеткізілген. Ауру басталғаннан бері шамамен бір сағат қана өткен, дәл осы уақыт аралығын дәрігерлер «алтын сағат» деп атайды, бұл кезде емдеудің сәтті өту мүмкіндігі жоғары.
Пациентке жедел түрде компьютерлік томография (КТ) жүргізілді. Қан құйылудың немесе ишемияның қалыптасқан ошағының айқын белгілері анықталмағанына қарамастан, КТ деректері RAPID- мамандандырылған жасанды интеллект бағдарламасымен қосымша өңделді. Бұл жүйе инсульттың белгілерін ерте анықтауға және тромбты алып тастау операциясын жүргізудің керектігін анықтауға мүмкіндік береді.
«Өмірлік көрсеткіштер бойынша тромбты алып тастау операциясы сәтті жүргізілді. Бірнеше күннен кейін пациент аяққа тұра бастады. Бұл жағдай жоғары технологиялық көмек көрсетілетін стационарға уақытылы түсудің маңыздылығын, сондай-ақ шешім қабылдауда жасанды интеллекттің атқаратын рөлін айқын көрсетеді», — деді №7 қалалық клиникалық аурухананың тамырлық нейрохирургия бөлімшесінің нейрохирург- дәрігері Айбек Тұралиев.
Дәрігер ишемиялық инсульт кезінде уақыттың шешуші маңызға ие екенін атап өтті: хирургиялық араласу неғұрлым ерте жасалса, ми жасушалары соғұрлым аз зақымдалады және толық қалпына келу мүмкіндігі анағұрлым жоғары болады. Қолданылатын RAPID бағдарламасы миды ASPECTS шкаласы (0-ден 10 баллға дейін) бойынша бағалайды және ортаңғы ми артериясы бассейніндегі зақымдану дәрежесін анықтауға көмектеседі.
Операциядан кейін пациент инсульт бөлімшесінде одан әрі емін жалғастырды. Барлық емдеу, оның ішінде операциялық араласу да, МӘМС жүйесі аясында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүргізілді.
Алматы қаласы №7 ҚКА-ның инсульт орталығының меңгерушісі, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс инсультологы Жанна Дүйсембаева өз кезегінде, қан айналымы жүйесі ауруларының қазіргі қоғамның маңызды медициналық-әлеуметтік проблемаларының бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Бұл халықтың сырқаттанушылық және өлім-жітім құрылымындағы, алғашқы мүгедектікке себеп болатын жоғары үлесімен байланысты. Инсульт – бұл жай ғана медициналық мәселе емес. Бұл бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне, әрбір отбасына, бүкіл қоғамға қойылған үлкен сынақ. Біздің әрқайсымыз – дәрігер, медбике, оңалту маманы – күн сайын осы күрестің алдыңғы шебінде тұрып, адамдарға жоғалтқан функцияларын, үмітін және өмір сапасын қайтаруға көмектесеміз.
Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам жаңа инсульт жағдайы тіркеледі, оның 5 мыңы алғашқы 10 күнде, ал тағы 5 мыңы мидағы апатты бастан өткергеннен кейін бірінші ай ішінде қайтыс болады», – деп Жанна Дүйсембаева пікір білдірді.
Дәрігерлер атап өткендей, жасанды интеллект технологияларын енгізу диагностиканың дәлдігін айтарлықтай арттырады және әрбір минут өмірге қауіп төндіретін аса маңызды жағдайларда шешім қабылдауды жеделдетеді.
Инсультпен күрес күні жыл сайын 29 қазанда аталады. Бұл іс шараның мақсаты – инсульттің зардапты салдары туралы хабардарлықты арттыру және медициналық көмекке уақытылы жүгінудің маңыздылығын еске салу. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, инсульт ауруы әлемдегі өлім мен мүгедектіктің басты себептерінің бірі болып қала береді, бұл дерт жыл сайын миллиондаған адамның өмірін қиып отыр.


