АПВ – тері мен шырышты қабаттарды зақымдайтын вирустардың тобы, 200-ден астам түрі бар, оның ішінде 14 типі онкологиялық ауруларды тудырады.
АПВ өте жұқпалы, адамнан адамға оңай беріледі.
Инфекцияның таралуы инфекция түскен терімен, шырышты қабаттармен тікелей жанасу кезінде орын алады. Жолдары: Тұрмыстық жанасу; Жыныс жолы; Босану кезінде; қырыну, эпиляция кезінде өзін-өзі жұқтыру.
Адамдардың шамамен 80% өмірінің белгілі бір кезеңінде АПВ жұқтырып алады. 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын АПВ тудырады.
Әлемде, Қазақстанда онкологиялық ауруларды тудыратын 16,18 серотиптер кең тараған. Дәл осы серотиптер қолданыстағы АҚШ-та жасалған 4-валентті «Гардасил» вакцинасының құрамына кіреді.
«Бұл вакцина АҚШ, Австралия, Канада, Швейцария, Норвегияда енгізілгеннен кейін 5-10 жылдан кейін жүргізілген зерттеулерде вакцина құрамындағы АПВ түрлерінің (6,11,16,18) таралу жиілігі егілгендер арасында 80-90%-ға; егілмегендер арасында 40%-ға төмендеген. Айта кетерлігі, мұнда ұжымдық иммунитеттің арқасында егілмегендер арасында да инфицирлену төмендеген. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес АПВ қарсы екпе 11 жастағы қыздарға жасалады. Сонымен қатар, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 қаулысына сәйкес екпені 12 жастағы, 13 жас 11 ай 29 күнді қоса алғанға дейінгі жастағы қыздарға жүргізіледі», — деді Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары Индира Кунбасова.
Вакцинация 2 кезеңде ата-аналардың келісімімен жүргізіледі, 2-ші доза 6 айдан кейін салынады. Жетісу облысында АПВ-ға қарсы екпемен 3880 қыз бала қамтылды.