Жауапты өндіріс — кәсіпорындардың экологиялық әсерді азайтып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ресурстарды ұтымды пайдалануына бағытталған тәжірибе. Бұл бағыт инновация мен ашықтықты дамытудың, сондай-ақ ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілікті арттырудың нақты тетігіне айналып келеді.
Соңғы жылдары елімізде тұрақты даму қағидаттарын қолдауға бағытталған бірқатар стратегиялық құжаттар қабылданды. Олардың қатарында «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы», «Қазақстан – 2050» стратегиясы, «Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы», сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бар. Бұл бастамалар бизнестің экологиялық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, энергия тиімділігін жоғарылатуға және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға жол ашты.
Мәселен, Экологиялық кодекс «ластаушы төлейді» қағидатын бекітіп, шығарындыларды азайту бойынша нақты стандарттар енгізді. Ал «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы» табиғи ресурстарды үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды елдің ұзақ мерзімді басымдығы ретінде айқындады.
Компаниялар тәжірибесі
Қазақстандық кәсіпорындар да бұл бағытта нақты қадамдар жасауда.
Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны отынды газға ауыстыру арқылы шығарындыларды 30%-ға төмендетуді жоспарласа, QazaqGaz компаниясы жаңартылатын энергия үлесін арттыру стратегиясын әзірлеуде. Ал «Теңізшевройл» ілеспе газды кәдеге жарату жобаларына инвестиция салып, парниктік газдардың азаюына үлес қосып отыр.
Бүгінде Қазақстанда қуаты 2 ГВт-тан асатын 134 жел, күн және су электр станциясы жұмыс істейді. Бұл – еліміздің тұрақты энергетикаға көшу жолындағы нақты нәтижесі.
Жауапты өндіріс экологиялық бағытпен шектелмейді. Көптеген компаниялар еңбек қауіпсіздігін, қызметкерлердің әл-ауқатын және қоғамдық жобаларды басты назарда ұстайды. Мысалы, CNPC-Ақтөбемұнайгаз кәсіпорнында халықаралық қауіпсіздік стандарттары енгізілген, ал SANTO фармацевтикалық компаниясы жас ғалымдарға гранттар беріп, білім мен ғылымды қолдауда. Осындай тәжірибелер бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, әлеуметтік тұрақтылықтың негізін қалайды.
Қазіргі өндіріс цифрлық технологиясыз мүмкін емес. ERG компаниясы енгізген «цифрлық егіз» жүйесі өндіріс процестерін нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жабдықтың тоқтап қалуы 20%-ға, шикізат ысырабы 10%-ға азайған. Бұл – экологиялық және экономикалық тиімділікті қатар қамтамасыз ететін мысал.
Кейбір кәсіпорындар қайта өңдеу мен жабық өндіріс циклдарын енгізіп, қалдықтар көлемін қысқартуда. Мұндай тәсілдер циркулярлы экономиканы дамытуға және ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.
Жауапты өндіріс бағытының дамуына бірқатар кедергілер бар.
Біріншіден – қаржылық шектеулер: шағын және орта бизнес үшін экологиялық технологияларға инвестиция салу әлі де қиын.
Екіншіден – реттеуші күрделілік: стандарттардың бірыңғай болмауы мен бақылау жүйесінің әлсіздігі.
Үшіншіден – білікті кадр тапшылығы және экологиялық өнімге тұтынушылар сұранысының төмендігі. Бұл факторлар тұрақты өндіріс мәдениетінің толық қалыптасуына кедергі келтіреді.
Жауапты өндірісті ілгерілету үшін мемлекет пен бизнес бірлесіп жүйелі шаралар қабылдауы қажет. Сарапшылардың бағалауынша, ең алдымен, жасыл қаржыландыру тетіктерін кеңейту маңызды: АХҚО алаңында «жасыл» облигациялар мен көміртегі несиелерін шығару, сондай-ақ энергия үнемдейтін жобаларға салықтық жеңілдіктер беру керек. Бұдан бөлек, экологиялық есептіліктің бірыңғай стандарттарын енгізу және экологиялық аудитті міндеттеу кәсіпорындардың ашықтығын арттырады. Білім мен кадр саясаты да шешуші рөл атқарады – университеттер мен колледждерде тұрақты өндіріс, энергия тиімділігі және экологиялық менеджмент бойынша жаңа бағдарламалар әзірленіп, өңірлік қайта даярлау орталықтары құрылуы тиіс. Сонымен қатар циркулярлы экономиканы дамыту – қалдықтарды өңдеу мен қайта пайдалану жүйесін жетілдіру – ресурстарды үнемдеудің негізгі тетігі болмақ. Цифрлық технологияларды енгізу де маңызды бағыт: өндірістік процестерді нақты уақытта бақылау және шығарындыларды автоматты есепке алу экологиялық тиімділікті арттырады. Ақпараттық саясат тұрғысынан алғанда, қоғамның экосанасын көтеру және «жасыл» өнімге сұранысты ынталандыру да қажет. Осы шаралар кешені жүзеге асқан жағдайда, Қазақстан экономикасы жауапты өндіріс моделін кеңінен енгізіп, халықаралық нарықта «жасыл және сенімді өндіруші» ел ретінде орныға алады.
Қазіргі таңда Қазақстанда жауапты өндіріс – сән емес, уақыт талабы. Бұл бағыт елдің инновациялық дамуын, экспорттық әлеуетін және жаңа жұмыс орындарының құрылуын қамтамасыз етеді. Мемлекет, бизнес және ғылым күш біріктірген жағдайда, еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізіп, тұрақты экономика моделін қалыптастыра алады.
Автор: Темербулатова Ж.С., PhD, аға ғылыми қызметкер