Аралас жекпе-жек шебері, TikTok әлеуметтік желісінде «Әнуарбек-мотиватор» деген атпен танылған Әнуарбек Бекембетов 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Todayinfo 1bol.kz сілтеме жасап.
Бұл туралы құқық қорғау органдары мәлімдеді.
ІІМ мәліметінше, әлеуметтік желіні бақылау барысында полиция қызметкерлері ер адамның қатысуымен түсірілген бейнероликті анықтаған. Онда ол агрессия танытып, қатты қысым көрсетіп, бейәдеп сөздер айтып, өзін «күшті әрі бетпақ» етіп көрсетуге тырысқан. Тексеріс нәтижесінде құқықбұзушы жылдам табылып, бөлімшеге жеткізілді.
Алайда ұсталған соң Бекембетов видеоның қойылым екенін, оның басты мақсаты – желіде танымал болу, көп қаралым мен лайк жинауды көздейтінін алға тартқан. Алайда ол сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 күнге әкімшілік қамауға алынды.
«Мұндай қылық спортшыларға жараспайды. Олар тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісі болып, жастарға дұрыс бағыт көрсетуі тиіс. Агрессия мен балағатқа толы «қойылымдар» жасөспірімдердің санасын шатастырып, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіреді. Сондықтан ІІМ интернеттегі дөрекілік, күш қолдану һәм арсыз әрекеттер арқылы танылғысы келетіндерге қарсы күресті қатаң жалғастырады. Мұндай фактілер заң аясында анықталып, тиісті шаралар қолданылады», – деп жазылған ІІМ ақпаратында.
Фото: Nomad Fighting

