Ұлттық арна продюсері құрметсіздік көрсетті деп ашуланған әнші Ақбота Керімбековаға әріптестері жаппай қолдау білдірді.
Фото: Жеке парақшалардан алынды
Өнер иесін ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Жеңіс Ысқақова әріптесінің сөзін растады.
“Ақботажанның жанайқайы мені бейжай қалдырмады. Айтып отырғаны дұрыс та, әрі тереңдеп кеткен мәселе. Оның ашынып отырғаны – құрметсіздік! Өздері шақыруын шақырып алып, дөрекілік көрсетіп отырғандары тіпті масқара?! Ол аз болғандай жағдайдың мән-жәйін дұрыс түсінбей айтылып жатқан пікірлерді оқып, тағы қарным ашты. Қазір эфирдің емес, интернеттің заманы. Солай бола тұра алтын уақытын қиып үлкенмін демей, жоба ұсынысын құп алып барып тұрғанда жасағаны осы болса, Ақботадан осындай үндеуден басқа не әрекет күтуге болады?!”, – деп ашуланды өнер иесі.
Әншінің сөзінше өзі де талай рет түрлі ұйымдастырушылар тарапынан құйтырқы әрекеттерді көрген.
“Біз де мұндайдың талайын көрдік. Басың бар, жасың бар демей, өз ұлтымыздың арналарында да қара тізімге енген кездер де болған. Ал дәл мынадай ресейлік арналардағы жобалардың көшірмесін қойғаны үшін әйдік боп жүрген медиатоп өкілдері мемлекет қаржысынан миллиондап ақша алады. Сосын танымал адамдарды пайдаланып, есебін жабады. Сол жобада ресейлік пен украиналық режиссерлердің талабымен біресе ит болып, біресе мысық болып жүретін – әртістер. Баяғы қазақшылықпен көк тиын алмай, өз тыңдармандарына жек көрінішті болып қала береді. Сондағы еститін сөзіміз осындай ма?! Сондықтан мен Динара Адам жазба түрде өткен-кеткенді айтып, дос екенін дәлелдегенше, көп алдында Ақботадан кешірім сұрағаны жөн деп ойлаймын. Тағы айтайын дегенім, жалпы әрбір телевизиялық түсірілімдер мен концерттер қатысушыларға қаламақы төлеуді бастауы керек. Сол кезде бәрі әділетті болады”, – деп жазды эстрада жұлдызы.
Еске салайық, Меруерт Түсіпбаева да «Продюсер – құдай, әртіс – құл» деп әріптесі Ақбота Керімбекованың сөзін растаған еді.