Алматыда Урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджановқа қатысты сот процесі басталады.
Істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Маратпек Кәкімжанов қарайды. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алуға қатысқандарға үкім шығарған еді. Сондай-ақ заңсыз бас бостандығынан айыру, бопсалау және озбырлық жасады деп айыпталған Гүлмира Сатыбалданың ісі бойынша сот процесін де Маратпек Кәкімжанов жүргізіп жатыр.
Маратпек Кәкімжановтың судьялық мансабында да түсініксіз жайттар бар: ол 2017 жылы 1 миллион доллар пара алды деп айыпталған «Қорғастың» экс-президенті Василий Ниді ақтау үкімін шығарған.
Енді ол айыпталушы Алмасхан Ахмеджановты да соттамақ. Ол 2018-2023 жылдар аралығында Алматы қаласының Қаланы жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2023 жылдың 19 шілдесінде Антикор Алматыда жер қатынастары саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен Ахмеджановтың ұсталғанын хабарлады. Ол құрылыс компанияларының мүддесін көздеп, 2020-2023 жылдар аралығында үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз бекіткен. Соның кесірінен мемлекетке 307 млн теңгеден астам зиян келген.
Ардақ Самамбетов 2019-2023 жылдар аралығында Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасын басқарған. Оның қамауға алынғаны туралы ақпарат пайда болғанға дейін ол өз еркімен қызметінен кетті. Былтыр қыркүйек айында «Антикор» оның әрекетінен мемлекетке 180 миллион теңге залал келгенін хабарлады.
Айыпталушылардың саны — алтау. Оларға «бірнеше адаммен сөз байласып жасалған алаяқтық әрекетке қатысу», «ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану», «бөтеннің мүлкін иелену әрекетіне қатысу», «алаяқтық», «ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану», «пара алуға әрекеттену» сынды айыптар тағылған.
Дереккөз: ulysmedia.kz